Басты бетЖаңалықтарҮкімет ұлттық...

Үкімет ұлттық қордан тағы 800 миллиард теңге алады

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков сенаттың жалпы отырысында 2023 жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамын таныстырды.

2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері бекітілген жоспардан 720 миллиард теңгеге өсе отырып, ЖІӨ-нің 12,1%-і немесе 14,6 триллион теңге деңгейінде болжанып отыр. Республикалық бюджетке қосымша түсімдер кіріс базасын ұлғайту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру бойынша үкімет қабылдап отырған шаралар есебінен қамтамасыз етіледі, — деді вице-министр.

Нақтырақ айтсақ, бюджет кірісі біржолғы түсімдер есебінен 316 миллиард теңгеге, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен 404 миллиард теңгеге ұлғайтылады.

Сонымен қатар ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін ұлттық қордан 800 миллиард теңге көлемінде нысаналы трансферт қосымша тартылады. 2023 жылы бюджет тапшылығын 3,2 триллион теңге көлемінде немесе ЖІӨ-нің 2,7%-і деңгейінде сақтау ұсынылады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемнен 1,5 триллион теңгеге ұлғайып, 22,5 триллион теңге болды, — деді Бауыржан Омарбеков.