Бүгін Түркияда үш жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою басқармасының (AFAD) сайты хабарлады.
Түркияның шығысындағы Малатия провинциясында 4,5 балдық жер сілкінісі болды. Жер асты дүмпулері 05:13 кезінде сегіз километр тереңдікте тіркелген.
Бұған дейін сағат 04:34-те магнитудасы 4,7 балдық 10 километр тереңдіктегі жер сілкінісі тіркелген. Екі жағдайда да жер сілкінісінің ошағы Пютурге ауданында болды. Бұған қоса Түркияның оңтүстігіндегі Хатай провинциясында да магнитудасы 4,4 болатын жер сілкінісі тіркелді.
Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою басқармасының (AFAD) хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Хасса аймағында болған.
Айта кетейік, 6 ақпанда Түркияның Кахраманмараш провинциясында магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жер сілкінісі елдің 10 провинциясында, сонымен қатар көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.