Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен фабрика санын көбейтеді

Фото: Аikyn.kz
Қазақстан мен Өзбекстан жеңіл өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытады. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Қос мемлекеттің бірлескен жол картасында тігін фабрикаларын көбейтіп, тоқыма кластерін ұйымдастыруға басымдық берілген. Осыған орай Шымкенттегі тоқырауға ұшыраған кәсіпорындарда көрші елдің тәжірибесі қолданылады.

Шымкентте жеңіл өнеркәсіп саласында екі елдің бірлескен бір ғана тігін фабрикасы жұмыс істейді. 2019 жылы құрылған кәсіпорында 120 адам тұрақты еңбек етеді. Ресей мен Түркіменстан еліндегі арнайы мекемелерге жұмыс формасын тігіп, ішкі нарыққа киім-кешек саудалайды. Осылайша іскерлікті кәсіп қылған мамандар жылына 1 миллиард теңгенің өнімін шығарады.

Арнайы экономикалық аймақта жеңіл өнеркәсіпті жолға қойған отыздан астам орта және ірі кәсіпорын бар. Көбі қажетті шикізатты көрші елдерден тасымалдайды.

Қазіргі таңда кәсіпорындар осы шаруа қожалықтарымен бірлесе отырып жұмыс істеп, келісімшарттар құрып жатыр. Форвардтық, фьючерстік келісімшарттар құрылды. Енді алдағы уақытта өзекті мәселелер болмайды деп ойлаймыз, — дейді қалалық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов.

Былтыр аймақтағы өндірістік орындар 9 мың тонна мақта өнімін қайта өңдеді. Ал қос елдің үкімет басшылары қол қойған жаңартылған жол картасында тоқыма кластерін ұйымдастыруға ерекше екпін берілген. Енді тұралаған кәсіпорындарды қайта іске қосқандар коммуналдық төлемдерге жеңілдік алып, салықтық міндеттеменің бір бөлігінен босатылады.