«Қазақстанның жас ғалымдары» жобасының демеушісі – «Kcell«. «Кселл» АҚ ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания болып табылады.

Зерттеу объектісі туралы

Біз бұл жерде екі бағытта жұмыс істейміз. Олар: фундаментальды және қолданбалы ғылыми бағыттар. Мен екіншісі бойынша жұмыс істеймін. Біз әріптестеріммен бірге кез келген заттың целлюлозасын биоэтонолға айналдыра алатын ашытқы жасау үстіндеміз.

Қарапайым тілмен айтқанда, адамдарға қажетсіз болып қалған қалдықтарды, мейлі ол қағаз, өсімдік немесе ауыл шаруашылығы қалдықтары болса да ашытып, биоэнергетикалық спиртке айналдыратын ашытқы жасап жатырмыз. Ол кәдімгі нан ашытатын ашытқы сияқты. Оны жасау үшін арнайы гендерді қолданамыз. Гендер Аспергилл, Термоаскус, Шиитаке (Lentinula edodes) деген саңырауқұлақтардан аламыз.

Біздің біліуімізше, ашытқылар глюкозаны жұтып, одан спирт шығара алатын қасиетке ие.

Біз бұл зерттеумен бірнеше жылдан бері айналысып келеміз. Жыл сайын жұмысымыз жетіліп келеді. Осы жылдың соңына қарай немесе келер жылдың басында нәтижеге жетіп қалуымыз керек. Сол кезде ашытқының нақты төрт штаммын аламыз деп жоспарлап отырмыз.

Изат Смекенов, жас ғалым
Изат Смекенов, жас ғалым. ©Сурет кейіпкер мұрағатынан

Жерасты байлықтарының қоры таусылып бара жатқаны бәрімізге де аян. Сондай-ақ оны өндіру арқылы қоршаған ортаға зиян тиіп жатыр. Ал біз осы жоба арқылы қалдықтардан энергия алатын боламыз. Одан табиғатқа зиян тимейді.

Зерттеу қалай басталды?

Мен бакалаврда оқып жүрген кезімде осы лабораторияға кіріп, молекулярлы генетикада не істейтіндерін жай ғана көргім келетін. Себебі бұл жерде Амангелді Қуанбайұлының бастауымен зерттеулер жүргізілетінін білетінмін. Ал ол кісіні оқушы кезімнен танимын. Олимпиадаларда биология пәнінен әділ қазы болатын. Сондықтан да осы лабораторияға келдім. Алғаш келгенде мені Сәбира Тайпақова есімді кісінің көмекшісі етіп қойды. Қазіргі ашытқы жобасы осы әріптесімнің зерттеп жүрген бағыты болатын. Екеуіміз осы жобаны жүргізіп келеміз.

Бұл жер маған не берді?

Біріншіден, тәжірибе алдым, білім жинадым. Себебі лабораторияда жұмыс істеп, қандай да бір нәтижеге қол жеткізу үшін көп іздену керек. Қажетті ақпараттарды тек ағылшын тіліндегі шетелдік мақалалардан ғана табуға болады. Содан өзіме бірталай пайдалы мәліметтер алып, түртіп жүремін.

Бұл жерде түрлі бағыттар бойынша жұмыс істеуді үйрендім. Мысалы ДНК, РНК-ларды, олардың бөлінуін зерттеп көрдім. Ақуыздармен жұмыс істеуді, жануарлардың иммунизациясын жасауды үйрендім.

Қазір аға қызметкерлердің бірі болғандықтан, бакалавр мен магистратура студенттеріне білгенімді үйретемін. Өзім осында доктарантурада 2-курста биотехнология мамандығында оқимын. Жақында Парижге барып, сондағы лабораториялардан үш айлық іс-тәжірибеден өтіп келдім.

Ғылымға қызығушылығым қашан басталды?

Қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенде билогияға деген қызығушылығым ерекше болды. Лицейде олимпиада жеңімпаздарына арналған бағдарлама болатын. Онда қызыққан пәніңді тереңдете оқытады. Мен биологияны таңдадым. Оқушы кезімнен түрлі республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атандым. Осыдан кейін болашағымды биологиямен байланыстыра бастадым. Басында дәрігер болғым келген, алайда 7 жыл оқығым келмеді (жымиып). Сол кезде 7 жыл деген ұзақ уақыт сияқты көрінетін. Сосын биотехнология деген жаңа мамандықты таңдадым. Себебі оның болашағы бар екенін көрдім.

Изат Смекенов, жас ғалым
©Сурет кейіпкер мұрағатынан

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға келген соң, алғашқы екі жылда оқуға деген ынтам болмады. Қалай осы лабораторияға келдім, ғылымның не екеніне көзім жетті, құлшынысым да оянды. Содан осы саламен «ауырдым». Ғалым болғым келді. Қандай да бір жаңалық ашқым келді.

Алдағы 10 жылда

Осы жобамызды аяғына дейін жеткізуіміз керек. Оның қоғамға да, ғылымға да пайдалы болғанын қалаймын. Сосын ол туралы мақаламызды жақсы бір журналға шығарамыз.

Доктарантураны бітірген соң, осында жұмыс істеуге қаламын. Себебі бұл жерде 3 жыл жұмыс өтілін жасауымыз керек. Кейін шетелде PostDoc жасағым келеді. Осында қайтып келіп, профессор болуға барымды саламын. Мүмкін осы университетте сабақ берермін. Себебі оқытушылар құрамы қартайып бара жатыр. Соған жаңаша бір леп әкелгім келеді.

Ойымда адамзат балсына пайдалы болатын дәрі-дәрмек шығару да бар. Сосын биоэнергетика саласын ары қарай жалғастырамын. Әлі нақты шешкен жоқпын. Арман да көп. Өзімнің жеке лабораториямды ашсам да керемет болар еді. Бірақ ол үшін бірінші зерттеу тобының жетекшісі болуым керек (жымиып).

«Қазақстанда ғылымға жасалған жағдай көңіл көншітерлік емес»

Себебі қазір соңғы екі жылда жобаларды қаржыландыру қысқартылып жатыр. Барлық жобалар грант ала алмаған соң, жалғассыз қалады. Байқаулар да азайды. Саны аз болған осң, іріктеуі де өте қатал өтеді. Сондықтан жас ғалымдармен бірге үлкен профессорлар да өзінің жобасына қажетті құрал-жабдықтарды толығымен ала алмайды. Қасындағы көмекшілеріне де жалақы төлеуі керек… Бұндай жағдайда ғылымға  жан-тәніңмен беріле де алмайсың.

Бірақ осының бәрін көре тұра, менің шетелге кеткім келмейді. Одан да осында өз елімізде дамығанды дұрыс деп санаймын. Шетелге кетіп, сол жақтың балаларын оқытқанша, өзіміздікілерді оқытайын. Есесіне солардың елімізге көмегі тиіп қалар. Себебі, ақша жетіспеді немесе басқа да себептерді сылтауратып шетелге қаша берсек, Қазақстанда ғалым қалмайды. Сосын, шетелде өмір сүруге қызықпаймын да. Отанымда жайлырақ.

Изат Смекенов, жас ғалым
©Сурет кейіпкер мұрағатынан

Ғылымнан бөлек…

Қазір Қазақстан тарихын оқып жатырмын. Сондай-ақ, 3D графикаға қатты қызығамын. 3D модельдеуді үйренгім келіп жүр. Болашақта бизнес ашсам деген ойым да жоқ емес.

Бір күнім бір күніме ұқсамас үшін басқа тақырыптағы ктаптарды да оқып тұрамын. Себебі күндерімнің жұмысқа  келіп-кетуден ғана тұрғанын қаламаймын. Жақында «Ерлер Марстан, әйелдер Венерадан» деген кітапты оқыдым. Одан әйелдерді түсініп, қандай жағдайда не істеу керек екенін үйрендім. Себебі үйленген адаммын. Әйелім де осы лабораторияда жұмыс істейді. Магистрант. Биыл бітіреді. Үйленгенімізге 1,5 жыл ғана болды.

Мені не алаңдатады?

Жастар қазір өз денсаулықтарын күтпейді. Қыздар болашақ ана екендерін естен шығарып алған сынды — қыста тым жұқа киінеді. Қазір байқап қарасаңыз, әр бесінші жұп ЭКО-ға барады. Ал, жігіттер болса клубқа барып ішіп-жегеніне мәз.

Сосын экологиялық мәселелер де бар. Біздің адамдар қарапайым ғана қоқысты қоқыс жәшігіне салуды білмейді. Онымен қоймай, қаланың экологиясы жаман дегенде, бас көтеріп шыға келеді. Адамдар ашулы болып бара жатыр. Түсінемін, дағдарыс әсер етіп жатқан шығар…

Қарапайым орта мектептерге барсаңыз, оқушылардың білім алуға деген құлшынысы бәсең екенін көресіз. Сондағы мұғалімдердің деңгейін көтерсе ғой, шіркін!

Менің арманымдағы қоғам

Мен адамдар бірін-бірі түсінетін… Кез келген адамға көмек қолын созатын… Далада ойнап жүрген балаларыңды біреу алып кетеді деп қорықпайтын… Діни алауыздығы жоқ қоғамды өмір сүруді армандаймын.

Шабытты қайдан аламын?

Мені жетекшім шабыттандырады. Себебі оның профессорлыққа қалай келгенін, қалай зерттеу институтының директоры атанғанын естігенде, қаншалықты күш-қайраттың керек екенін сезінесіз. Сол кісі сияқты өз мақсатыма жету жолында ешбір қиындыққа мойымау керек екенін ұғамын.

Менің бір күнім

Лабораторияға таңертең сағат 9-да келуге тырысамын. Келіп, кешегі күннің нәтижелерін көремін. Егер дүйсенбі болса, алдағы аптада істелетін жұмыстарға жоспар құрамын. Себебі біздің тәжірибелер кейде 1 күнге, 3 күнге, 5 күнге созылады. Соларды алдын ала жоспарлап отыру керек. Кейін жұмысқа қажетті құралдарды дайындаймын. Әріптестерім келген соң, жұмыс басталады. Арасында өз салама қатысты мақалалар оқимын, студенттерге көмектесемін, диссертациямды жазамын.

Изат Смекенов, жас ғалым
©Сурет кейіпкер мұрағатынан

Қазір лабораторияда 4 топ жұмыс істейді. Әрқайсысында 2-3 адамнан. Барлығы – 9 адам.  Кешкі 6-ға дейін жұмыс. Сосын әйелім екеуіміз үйге қайтамыз. Кейде 8-ге дейін қалатын күндеріміз болады. Мен уақытпен жүргенді ұнататын адаммын.

Отбасым туралы

Мен Павлодар облысы, Екібастұз қаласының тумасымын. 1990 жылы дүниеге келгенмін. Отбасымда ғылымға жақын адамдар жоқ. Әкем Екібастұз қаласының «Шығыс» разрезінде аға шебер болып істейді. Анам теміржол саласында диспетчер. Осылайша, шахтерлер қаласынан ару қала – алып қала Алматыға келген мен ғалым болуға талпынып жүрмін (жымиып).

Мен оқуға кеңес беретін кітаптар:

  • Ленинджер «Биохимия»
  • Айала Ф., Кайгер Дж  «Современная генетика»
  • Молекулярлы биология мен жасушалы биологияға қатысты кітаптар.

Осы салаға қызыққандар болса, біздің кафедрамен келісе отырып, лабораторияға келуге болады. Біз оларға құрылғыларды, зерттеу барысын түсіндіреміз. Бізге оқушылар, әсіресе, болашақ мамандығымен танысу үшін 11-сынып оқушылары жиі келеді.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.