Енді бұл қызмет екінші деңгейлі банктердің мобайл қосымшалары арқылы қолжетімді.
Бұрын анықтамаларды Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан қағаз жеткізгіште алуға болатын. Азаматтар тарапынан сұраныс көп болғандықтан, қызметті автоматтандыру қажеттілігі туындады.
Министрліктің мәліметінше, тек 2022 жылы 210 мыңнан астам адам осындай анықтама алған.
Еңбек министрлігі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, қажет деректерді мобайл қосымша арқылы 15 минут ішінде электрон форматта алу мүмкіндігін жүзеге асырды. Анықтаманың цифрлық нұсқасында бұған дейін төленген және белсенді төлемдердің мөлшері туралы ақпарат бар. Қызмет алушы 2016 жылдан бастап кез келген кезеңді таңдай алады (ең жоғары кезең – 3 жыл), — делінген хабарламада.
Қазір анықтамаларды Халық банктің мобайл қосымшасы арқылы алуға болады. Жақын арада осы қызметті Kaspi Bank-тің қосымшасына да енгізу жоспарда бар.
Алынған жәрдемақылар, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер туралы мобайл қосымша арқылы анықтама беру ақпарат алу процесін жеңілдетеді және оңайлатады, сонымен қатар мемлекеттік бюджетті айтарлықтай үнемдейді, — делінген хабарламада.