Балаға шет тілін неше жастан бастап үйреткен дұрыс?

Балалар психологы Ақгүл Амантайқызы шет тілдерін үйретпес бұрын, балаға бір тілді толық меңгеріп алуға мүмкіндік беру керек екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, бала ана тілін төрт жасқа дейін үйрене алады.

Бала төрт жасқа толғанша өз тілін меңгеріп алуы керек. Кейін бес-алты жасында ақырындап шет тілі курстарына беруге болады. Бір тілді дұрыс білмейтін баланың өзге тілді үйренуі өте қиын. Бір заттың өз тілінде қалай аталатынын білмейтін бала оның шет тіліндегі аудармасын жаттауға бір күш жұмсаса, жаңа заттың не екенін үйренем деп тағы қиналады, — дейді психолог.

Маман кей ата-ана баласының шығармашылық қабілетін ашу үшін шет тілін үйреткісі келетінін байқаған. Ол мұны қате амал деп есептейді.

Әрине, көп тіл білген сайын бала көп мәдениетпен танысады. Бұл оның қиялын ұшқыр етіп, таным-түсінігін арттырады. Төрт жасқа дейінгі бала үшін онсыз да бәрі таңсық, бәрі жаңа ғой. Сондықтан оны абайсызда шаршатып алуыңыз әбден мүмкін. 

Психолог балаға жастайынан тіл үйрету кімнің қалауы екенін біліп алуы керек екенін айтады. Ол ата-ана үшін баласы мектепке бармай тұрып екі тіл білгені өте маңызды болса, тілді балаға ауыртпалық салмай үйрету керек дейді.

Оған қолайлы жағдай жасаңыз. Бала анасымен бір тілде, әкесімен басқа тілде сөйлессін. Бірақ оның өзінде баланың жасын ескеру керек. Тым құрыса, бала төртке толсын. Бұған қоса жаңа туған балаға ойын орнына тіл үйрету кімге пайдалырақ, кімнің қалауы екенін ойланып көріңіз. Ата-ана бейсаналы түрде орындалмаған арманын баласы арқылы жүзеге асырғысы келуі мүмкін, — дейді психолог.

Ақгүл Амантайқызы баланың ауыртпалығын жеңілдету үшін мұғалім таңдай білу де маңызды екенін айтады. Ол көп жыл істеген маманның бәрі мықты деген пікірге келіспейді.

Балаңыз бес жастан асып, өз тілінде ойын анық жеткізе алса, шет тілі курстарына беруге болады. Бірақ маман таңдағанда абай болу керек. Еңбек өтілі, мұғалімнің неше жыл жұмыс істегені, қайда істегені аса маңызды емес. Әуелі оның басқа оқушылармен қалай сөйлесетіні, баламен тіл табыса алатын-алмайтыны маңыздырақ. Мұғалімнің құжаттарын қарамай тұрып басқа ата-аналар мен сабақ алып жүрген кішкентай бүлдіршіндердің пікірін сұраңыз, — дейді маман.

Бала мұғалімнің жанында өзін еркін сезінгені дұрыс. Одан қорқып тұрса, жаңа тіл үйрену былай тұрсын, бала тіпті тұйықталып кетуі ғажап емес.

Баланың екі тілде сөйлегені сырқат болуы мүмкін

Дефектолог, логопед Жанель Асылбекқызы ерте жастан бастап шет тілін үйренген балалар үнемі бір проблемамен келетінін айтты. Маман кейінгі кездері тіл мүкістігі жиі кездеседі дейді.

Ата-ана баламен кішкентайынан екі тілде сөйлесіп, кейін оны қазақ мектебіне беріп жатады. Мұндай балалар екі тілде де жарытып сөйлей алмайды. Мұны бір сырқат деуге болады, медицинада бұл билингвизм деп аталады. Ата-ана баласының екі тілді араластырып, сауатты-сауатсыз сөйлем құрастырғанына мәз болады. Бірақ мұндай балалар ойын еркін жеткізе алмайды. Әсіресе мектепте түсінік айтқанда, мазмұндама жазғанда қатты қиналады. Мектепке барғаны — бала үшін онсыз да жаңа кезең, ал онда жай ғана ойын жеткізе алмай қиналғаны баланы күйзелтуі мүмкін, — дейді Жанель Асылбекқызы.

Жанель Асылбекқызы
Жанель Асылбекқызы. Фото жеке архивінен

Жанель Асылбекқызы бала ойын айтқанда ұзақ кідіріп, ойлана сөйлесе, логопедтен көмек сұрау керек дейді. 

Қазіргі балалар YouTube-ті қосса, ағылшын тіліндегі видеолар шығады. Үйде ата-анасы екі тілде сөйлейді. Сондықтан олар амал жоқ үш тілді араластырып сөйлеуге тырысады. Мұндай сәтте бала іштей қатты қиналып жатқанын ата-ана байқамауы мүмкін. Бір сөйлем құрау үшін үш тілдегі құрамы әртүрлі сөзді жинау балаға оңай емес. Балаңыз ежіктеп немесе сөйлем арасы ұзақ кідіретінін байқасаңыз, оған көмек керек деген сөз. 

Полиглот пен билингвизмнің айырмасы

Логопед көп ата-ана билингвизмді полиглот деп шатастыратынын айтады. Сондықтан олар балаларының іштей қиналып жүргенін сезбей қалады.

Бір сөйлемде бірнеше тілдегі сөзді қолдану полиглоттың белгісі емес, бұл — билингвизм. Көп ата-ана осыны ажырата алмайды. Баланың сөйлеу мәнері мен сөз саптағанына қарап-ақ, көмек керек екенін түсінуіңіз керек. Балаңыз полиглот болса, әрине, керемет. Бірақ полиглот болу үшін бала әуелі өз тілін жете меңгеруі қажет. Кейін өзге тілдерді қоса бересіз. Осылай ғана бала нағыз көп тіл білетін азамат бола алады. Осылай ғана ол үйренген тілдерін жылдар өтсе де ұмыта қоймайды, — дейді ол.

Шет тілін ерте үйрену тұлғалық даму дағдарысына әкеледі

Ал ағылшын тілі мұғалімі Балнұр Бұғыбай бала шет тілін мектепке барған соң меңгере бастағаны дұрыс дейді. Оның сөзіне қарағанда, өзге тілдерді ерте үйрену баланың тұлға ретінде дамуына кері әсер етуі мүмкін.

Адам өзін түсінбегенін, өзін тұрақты бір мәдениетке жатқыза алмағанын шет тілін меңгерген кездегі тұлғалық дағдарыстың айқын белгісі деуге болады. Бірде-бір тілді жете білмеген адам кейін өзін қай тілге, қай мәдениетке жатқызарын білмейді. Ал бұл адамның өзіне сенуіне, өзін қабылдауына, құндылықтарына, тіпті мінез-құлқына әсер етеді. Билингвист адам билингвист ортада өмір сүрсе, әрине, қиындық бола қоймас. Бірақ монолингвист, яғни адамдар ойын бір тілде сауатты жеткізе алатын ортада мұндай адамдар өзін ыңғайсыз сезінеді, — дейді Балнұр Бұғыбай.

Баласы қоғамда орнын тапқанын қалайтын ата-ана оған шет тілін үйретуді барынша кеш бастатқаны дұрыс.

Баланың бір мәдениет құндылықтарын қабылдап, сол мәдениет ортасында дамығанын қаласаңыз, шет тілін оқытуды мейлінше кеш бастау керек. Бала өз тілін жете біліп, өз мәдениетін толық түсінсе ғана, өзін сол қоғам мүшесі санайды, — дейді мұғалім. 

Балнұр Бұғыбайдың айтуынша, өзін бір қоғам мүшесі санаған бала өзіне сенімді болып, сол қоғамға пайда тигізуді ойлайды.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

***

Тағы оқыңыз:

Балаларда қандай үрей бар? Ата-ана бала фобиясына қалай көңіл бөліп жүр?