11-класс оқушысы Аружан Жанәділ — Jusan Singularity IT мектебі ұйымдастырған курстың қатысушысы. Ол мектепті тәмамдаған соң цифрлық журналистика мамандығын меңгергісі келеді. Сол себепті курсқа қатысамын деп шешкен. Аружанның анасы Алмагүл Бақтыбаеваның айтуынша, компьютерді қосуды ғана білетін қызы екі аптада авторлық ойын қолданбасын жасап шыққан.
Қызым Аружан алғаш осы курсқа келгенде «Қалай болады екен?» деп алаңдадым. Бірақ екі апта бойы қызымның сабаққа, жаңа білімге деген құштарлығы ерекше таңғалдырды. Бұған мұғалім Смағұл Негматовтың әр балаға үлкен жүрекпен қарап, шын ықыласпен білім бергені ықпал етті деп ойлаймын. Биыл 11-класты бітіретін қызым цифрлық журналистика мамандығына құжат тапсыруды жоспарлап жүр еді, енді IT маманы болғысы келетінін айтып жүр. Курсқа келгенде компьютерді қосуды ғана білетін. Екі апта ішінде өзінің авторлық ойын қолданбасын жасап үйренді. Бұл өте үлкен жетістік емес пе?! Жобаны ұйымдастырғандарға алғысым шексіз, бұл жоба әрі қарай жалғасын тапса деген тілегіміз бар, — деді бірінші лекцияға қатысқан Жанәділ Аружанның анасы Алмагүл Бақтыбаева.
Jusan Singularity IT мектебінде академиялық серіктестік бағытына жауапты маман Бейбарыс Өмірбаевтың айтуынша, бағдарламалау курсы 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған. Тегін курсқа жалпы 17 бала қатысты. Лекция аптасына бес күн, тәулігіне екі сағаттан интенсив түрде офлайн режимде өткен.
Аталмыш курс Apple қолдауымен және Қазақстандағы “iTeacher Academy” Authorized Reseller for Education компаниясымен бірігіп құрастырылды. Курс аясында балалар Swift тілінде бағдарламалау мен түрлі ойын қолданбасын жасап үйренді. Лекциялар арасында ойын форматта өткендіктен балалар қызығып қатысты, бұған қоса IT-дың бірнеше бағытында базалық білім қалыптастырды, — дейді мұғалім.
Маманның айтуына қарағанда, бұл жобаның басты мақсаты — IT саласында кез келген адамның жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау.
Көпшіліктің IT маманы болу үшін гимназияда, шетелдің жоғары оқу орнында оқу қажет деген стереотип ойы бар. Дегенмен бағдарламалау мамандығын салаға қызығатын, ынтасы бар адам меңгере алады. Оның үстіне инклюзив жандар үшін IT саласы табыс, толыққанды жұмыс бере алады. Сондықтан бұл саланың қамту аумағы үлкен екенін есепке алып, жасөспірімдердің өзіне, болашағына деген сенімін қалыптастырғымыз келеді, — деді Бейбарыс Өмірбаев.
Jusan Singularity IT ұжымының директоры Анар Садықованың айтуынша, курстың алғашқы легі желтоқсан айында басталған. Ұйымдастырушылар жасөспірімдерге арналған тегін бағдарламалау курсын ай сайын өткізуді жоспарлап отырғанын айтады.
Бағдарлама кезінде қатысушылар Swift тілін ғана емес, басқа да бағдарламалау тілін үйреніп, базалық білім қалыптастырады. Осы жобаға қатысып жатқан барша оқушыға, олардың ата-анасына көп алғыс айтамыз. Бір-бірімізге пайдалы білім бөлісіп, әрі қарай басқа жобалар аясында да жолығамыз деп үміттенеміз, — деді марапаттау рәсімінде сөз алған Анар Садықова.
Apple Trainer сертификаты бар тәлімгер Смағұл Негматов екі апта бойы жасөспірімдерге білім үйретті. Ол курсқа қатысқан ата-аналар мен оқушыларға алғыс айтып, елдегі барлық әлеуметтік осал топқа жататын отбасы балаларының осындай курсқа қатысса деген ізгі ниетін айтты.
Jusan Singularity IT мектебі — Jusan Group-тың білім беру саласындағы жаңа жобасы. Мектептің құрылғанына жуырда бір жыл толады. IT мектеп ұжымы әлеуметтік жобамен қатар, ересектерге арналған ақылы курстар өткізеді. Барлық инфрақұрылыммен жабдықталған мектепте 100 компьютер бар, оның 25-і — Аpple компаниясының компьютері. Мектепте тәулік бойы жұмыс істейтін коворкинг, конференц залдар, ойын және ас бөлмесі бар. Курстың келесі кезеңі 20 наурызда басталады. Мектеп ұжымы болашақта жоба онлайн форматта республиканың барлық өңірінде өтетінін айтты. Өтінішті мына сілтемені басып, толтыруға болады.