Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12-класс оқушысы Сәния Мұхамбетқалиева — Tozbe мобайл қолданбасын жасағандардың бірі. Олар әуеліде бұл жобаны Technovation Girls халықаралық байқауына арнап жасаған. Онда әр команда әлеуметтік проблеманы таңдап, оған байланысты мобайл қолданба жасауы немесе қандай да бір IT-шешім ұсынуы керек болған.

Біз зорлық-зомбылық проблемасын көтергіміз келді. Өйткені сол кезде медиада, әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылық тақырыбы өзекті болды. Кейін қандай функцияларды енгізетінімізді ойластырдық. Қазақстанда осыған ұқсас қолданбалар болған, бірақ олардың бәрінде зорлық көрген адам смартфонды қолына алып, қандай да бір түймені басуы керек. Зорлық-зомбылыққа тап болған адамда әрдайым мұндай мүмкіндік бола бермейді ғой. Сол үшін мұны дауыс арқылы хабарлайтын қолданба жасап көруді ұйғардық, — дейді Сәния Мұхамбетқалиева.

Сәния Мұхамбетқалиева
Сәния Мұхамбетқалиева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сәния жобаның техникалық бөліміне жауап береді, мобайл қолданбаны бағдарламалаумен айналысады. Командада Haileybury Almaty мектебінің басқа оқушылары Аликсения Мартышева, Аружан Нүсіпжан, Дана Скороходова, Селин Четинелли де бар. Олардың бағдарламау бойынша тәжірибесі аз болса да, ізденістің арқасында қолданбаны жасап шыққан.

Бұған дейін Назарбаев мектебінде оқыдым. Сол кезде Python тілін меңгердім. Содан кейін Java-ны, Android-ты  үйрене бастадым. Technovation Girls сайысының арқасында бағдарламау бойынша білімім мен машығымды одан әріп жетілдере түстім, — дейді 12-класс оқушысы.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сәнияның сөзінше, команда әуеліде қаржы жағынан тапшылық көрген. Олар кейін ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің грантын ұтып, 3 миллион теңге алған. Олар бұл ақшаны жобаны әрі қарай жетілдіруге жұмсапты. Мектеп оқушылары әлі де кейбір шығынын жабуы үшін демеуші іздейді.

Жобамыз табыс табуды көздемейді, қолданбамыз түгелдей тегін болғанын қаладық. Сол себепті инвесторлармен жұмыс істей алмаймыз, өйткені олар бұл жобадан қандай да бір пайда дәметуі мүмкін. Алайда біздің әлі де шығынымыз бар, сол себепті демеушіге мұқтажбыз. Біз бұл ақшаны қайтара алмаймыз, бұл қайтарымсыз мақсатта берілуге тиіс. Әзірше мемлекеттік грантпен қоса, бізге өз мектебіміз — Haileybury Almaty көмектесіп жатыр, — дейді Tozbe авторларының бірі Сәния Мұхамбетқалиева.

Сәния Мұхамбетқалиева
Сәния Мұхамбетқалиева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сырттай қарағанда, Tozbe кітап оқуға арналған қолданбаға ұқсайды, бірақ экранның бұрышында көрінбейтін түймесі бар. Мұны басқан кезде Tozbe-ге ауысады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Tozbe мобайл қолданбасы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Команданың басты мақсаты дауыс арқылы SOS-батырмасы функциясын жасау болған. Мысалы, қолданушы «көмектес», «тиіспе» сияқты сөздерді айтқан кезде қолданба мұны естіп, дереу бірнеше нөмірге автомат түрде  хабарлама мен мекенжайыңызды жібереді. Ал деректерді алдын ала тіркеп қоюыңыз керек. Қолданба зорлық-зомбылыққа тап болған адамның дауысын 20 метр қашықтыққа дейін ести алады.

Tozbe мобайл қолданбасының презентациясы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сонымен бірге мұнда Қазақстанның әр өңіріндегі дағдарыс орталықтарының мекенжайы, байланыс нөмірлері және адвокаттың, заңгер мен психологтардың контактісі көрсетілген. Олар зорлық көрген әйелге тегін кеңес береді. Бұған қоса агрессияға тап болған адамға қалай әрекет етуі керек екенін түсіндіретін чеклисті де табуға болады.

Tozbe мобайл қолданбасының презентациясы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Tozbe мобайл қолданбасының презентациясы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Халықаралық құқық маманы Әйгерім Құсайынқызы Tozbe авторларын «бүгінгінің батыр қызына» теңеді.

Қазақ қыздары проблеманы шеше алған, шеше де  алады. Қазақстанда әлі де батыр қыз дегенде Әлия мен Мәншүктің аты аталады. Меніңше, біз бұл коннотациядан арылуымыз керек. Осындай қолданбаны жасаған қыздар — бүгінгінің батыры. Бұл қыздардың алдында басымды иемін, — деді ол.

Ал зерттеуші, әлеуметтік антрополог Зарина Мұқанова Қазақстандағы өзекті проблеманың шешімін тағы да қыздар тапқанын айтып, оларға сәттілік тіледі.

Tozbe мобайл қолданбасының презентациясы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Tozbe мобайл қолданбасының презентациясы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Tozbe мобайл қолданбасының презентациясы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Мира Оңғарова
Жобаның әлеуметтік бөлім басшысы Мира Оңғарова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мобайл қолдабаны жуырда AppStore мен Play Market-тен жүктеуге болады.

Айта кетейік, Қазақстанда былтыр полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама түскен. Олардың көпшілігі Шымкентте, Астанада және Алматыда, сонымен бірге Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында болған.

Алайда олардың 60%-і бойынша полиция тиісті шара қолдана алмаған. Өйткені полиция оқиға орнына келген кезде жәбірленушілер өтініш беруден бас тартқан. Ал қолданыстағы заңнама бойынша полицейлер өтінішсіз зорлық жасаған адамды жауапқа тарта алмайды.

Тағы оқыңыз: Tozbe авторлары қолданбасын жетілдіру үшін демеушіге мұқтаж