— Мөлдір ханым, жуырда Алматыда 8 наурыздағы митинг үшін митинг өткіздіңіздер. Алматылықтардың марш пен митинг өткізуге деген құлшынысын қалай бағалар едіңіз?
— Иә, әкімдік 8 наурыздағы марш пен митингіге тыйым салған соң, екі апта бұрын осы шараны ұйымдастырдық. Әкімдікке алдын ала хабарлап, рұқсат алдық. Осылайша, Алматыдағы Махатма Ганди саябағында митинг үшін митинг өткіздік. Шамамен 150-ге жуық адам жиылды.
Алматылықтар әйел құқығы проблемасын белсенді көтере алады. Олардың марш пен митинг өткізуге деген құлшынысы бұрыннан белгілі. Жиылғандар әйел құқығы мәселесін жан-жақты көтеретін түрлі плакат ұстап келген. Бәрі «Марш болсын» деп ұрандатты.
— Алматы әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездескенде әйел құқығын көтеріп жүрген белсенділер марш пен митингіге рұқсат алу мәселесін көтерді. Әкімнің реакциясы туралы не айтасыз? Әкімдік осыдан кейін ұйымдастырушылармен байланысқа шықты ма?
— Иә, белсенділер, 8 наурыздағы маршты ұйымдастыратындардың бірі Фариза Оспан және Любовь Воронцова Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тұрғындармен кездесуіне барды. Олар әкімнен «Неге рұқсат бермедіңіз», «Рұқсат беремін деп уәде бересіз бе?» деп сұрады. Ал Ерболат Досаев «Жақында митинг үшін митинг өткіздіңіздер ғой, басқалардың да құқы бар», «8 наурыз — бәріне, еркектерге де маңызды мейрам» деп жауап берді.
Алматы әкімі марш пен митинг өткізуге рұқсат беру туралы сұраққа қатысты нақты жауап бермегенімен оның іс-әрекеті бұған қарсы болып тұрды. Сол кездесуден кейін бірден «8 наурызда марш пен митинг өткізуге рұқсат берілмейді», «Еріктілер лигасы» сол күні Алматыда бейбіт жиын өткізуге арналған орынның бәрінде күні бойы шара өткізеді» деген жауап алдық.
Қалай болғанда да, біз ниетімізден бас тартпаймыз, 8 наурызда әйелдер құқығына қатысты шаралар өткіземіз. Ал 23 ақпанда бірнеше белсендімен бірігіп, пикеттер жасауға бел будық. Өз құқығымыз бен 8 наурыз күнгі өтуі керек марш пен митинг үшін күресеміз.
— 8 наурыздағы марш пен митингіні не үшін маңызды деп есептейсіз және мұны не себепті дәл сіздер ұйымдастыруыңыз керек еді?
— 8 наурыз — әйелдің еркіндік пен теңдікке қолы жеткен тарихи әрі маңызды күн. Өткен ғасырда Клара Цеткин әйелдерге жалпыға бірдей сайлау құқығын беру және олардың еңбек заңнамасы үшін күресті. Ал біз бұл күні әйелдерге гүл мен сыйлық беруді емес, олардың әлі күнге дейін ерлермен тең бола алмай келе жатқанын еске салу үшін күресеміз. Өйткені қоғам әлі күнге дейін әйелдерге «ана», «қыз», «келін», «әпке-қарындас» деп қана қарап, олардың құқығын әлі бұзып жүр.
Қазір тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбы жиі көтеріледі, бұл проблемаға енді ғана тереңірек үңілуге тырысып жатырмыз. 8 наурыз тарихи маңызды күн екенін қайталап айтқым келеді. Ал бұл күнгі митинг пен маршты осы салада тәжірибесі бар, оның маңызы мен мәнін түсінетін, мұны көпшілікке жеткізе алатын феминистер ғана өткізе алады. Бұған қол жеткізу үшін соңына дейін күресуге дайынбыз.
— Өзіңіз негізін қалаған SVET қоғамдық қоры туралы айтып беріңізші. Бұл қандай қор? Әйелдерге қалай көмектесе алады?
— SVET (Stop Violence End Tyranny) қоғамдық қоры зорлық-зомбылыққа тап болған адамдарға көмектеседі. Біз олардың гендеріне немесе жасына қарап бөлмейміз. Әрине, басым көпшілігі — әйелдер. Біз зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге кеңес беріп, оларға психология және заң тұрғысынан көмектесеміз.
Бұған қоса бізге хабарласқан әйелдерге әлеуметтік көмек те беріп жүрміз. Мысалы, 2020 жылы екі әйел қоғамдық қорымыздан көмек алды. Бірін бұрынғы күйеуі балаларының көзінше пышақтаған. Жарты жылға дейін психологқа кеткен шығыны мен адвокаттың қызметіне төлеуге тиіс ақшасын да біздің қор төледі. Бұған қоса үш ай тұрған пәтерінің ақысын, медицина және таксиге кеткен шығынын да тауып бердік. Өйткені пышақ жарақаты салдарынан көпке дейін жүре алмады, жұмыс істеуге мүмкіндігі болмады, үйінен де шыға алмады. Балаларын бағуға да әлі келмей, әпкесін шақыртты. Осылайша, әлеуметтік ортадан қалып қойды.
Әрине, ақшалай көмек зорлық көрген әйелге қолдау болады. Өйткені оның тұрмыс жағдайы нашар, бұған қоса, балалары болса, әуелі күн көрісті ойлайды. «Қалай асыраймын», «Пәтер ақысын қалай төлеймін?» деп бас қатырады. Олар осындай сәтте істі соңына дейін жеткізе алмайды. Сол себепті де біз оларға әлеуметтік көмек беріп отырамыз.
Екіншісі – өз әкесінен сексуалдық зорлық көрген жасөспірім қыз. Бізге оның анасы көмек сұрап хабарласты. Оның бұрынғы күйеуі (түрмеге түскенде ажырасты) әйелдің атынан кредит алып, оны өзінің қажетіне жаратқан. Сол кредитті жабуға көмектестік. Демеуші тауып, өмір сүруге лайық жағдайы жоқ жертөледен таза әрі жаңа үш бөлмелі пәтерге көшірдік, ішіне жиhаз әпердік. Оған дейін азық-түлік пен киім-кешек алуға жәрдемдесіп жүрдік.
Әрине, бұл қазақстандықтардың көмегінсіз іске аспас еді. Әйелдердің оқиғасын әлеуметтік желі мен БАҚ-та жариялап, ақша жинап, ұйымдастырып жүрміз. Жаңа жыл қарсаңында біраз отбасыға азық-түлік, киім-кешек пен ойыншықтар жеткіздік.
Қорымызға бүгінге дейін 100-ден астам адам көмек сұрап хабарласты. Олардың көпшілігі өз әкесінен немесе туыстарынан бала кезінде сексуалдық зорлық-зомбылық көрген. Олар көбіне заң тұрғысынан немесе психологиялық көмек алғысы келеді.
— Зорлық-зомбылық көрген әйелдермен жұмыс істегенде ең басты қандай проблеманы байқайсыз? Әйелдер арасында қиын болса да, жаңа өмір сүруге ұмтылатындар көп пе әлде агрессорды кешіріп, зорлық-зомбылықты » басына түскен сынақ» деп ақтап алатындар ма?
— Өкініштісі, әйелдер көп жағдайда агрессорды кешіріп жатады. Олардың бұлай істеуіне көбіне жақындарының «Көн, шыда», «Кешіріп, алдай салсаңшы», «Балаларыңды ойламайсың ба, оларды кім бағады», «Қайда барасың, елден ұят қой» деген сияқты сөздері себеп болады. Зорлық-зомбылық көрген әйел қолдау болмаған соң өзін жалғыз, ешкімге керексіз сезінеді. Сол себепті одан да көніп жүре беруді жөн көреді. «Қанша дегенмен балаларымның әкесі ғой», «Мені ұрса да, балаларымды өлтірмес» деп ойлайды немесе күйеуінің кешірім сұрап, берген сыйлығына алданып, «Осымен сабақ алған шығар» деп өзін өзі жұбатуға тырысады.
— Биыл әкімдік өткізуге рұқсат бермеген митингінің тақырыбы тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты екенін хабарлап едіңіздер. 2022 жылы тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың жазасын күшейтетін заң жобасы дайындалды, алайда сарапшылар мұны «косметикалық өзгерістер» деп бағалады. Бұл заң шынымен әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықты тыюға, кінәлілерге берілетін жазаны қатаңдатуға көмектесе алмай ма?
— 2020 жылы тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін айыппұлдың орнына ескерту белгіленді. Менің ойымша, бұл әйелдерді қорлаумен тең еді. Сол ескертудің орнына қоғамдық жұмысқа тарту және психокоррекциядан өткізуді міндеттесе, әлдеқайда пайдалы болар еді. Өйткені зорлық-зомбылықтың салдарымен ғана емес, оның түбірімен де күресуіміз керек қой. Біз осы ұсынысты былтырғы көктемде мәжіліске барғанда айттық. Ондағылар «Иә, айтқаныңыз дұрыс, жұмыс тобына шақырамыз» деп уәде бергеннен басқа түк істеген жоқ.
Былтыр полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама түскен. Алайда олардың 60%-і бойынша тиісті шара қолданылмаған. Өйткені полиция оқиға орнына келген кезде жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқан. Енді полицейлер әйелден қандай да бір жарақат көрсе, оның арызын күтпей-ақ, агрессорды қамауы мүмкін. Бұл шешім шынымен де тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілерін жазасыз қалдырмауға көмектесер еді. Алайда мұны да зорлық-зомбылықтың тек салдарымен күресу деп есептеймін. Бұл проблеманың алдын алу отбасынан және оқу орындарындағы тәрбие жұмыстарынан басталады.
Ал ересектерге келсек, зорлық-зомбылық жасағандар міндетті түрде психо-түзету жұмыстарынан өтуі керек. Сонда ғана олар өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Бұған қоса оларды қоғамдық жұмыстарға тартып та, бұл қылмысты қайта жасауының алдын алуға болады, бірақ тұрмыстағы зорлық-зомбылық дегеніміз тек ұрып-соғу емес, бұған әйелді балағаттау, оған тиісу, қорлау да жатады және мұның да әкімшілік жазасы бар. Алайда әйелдер мұны қалай дәлелдейді? Бұл үшін үнемі смартфонын қосып жүруі керек пе, әлде куәгер бәрін видеоға түсіруі керек пе? Осы сұрақтарға мемлекеттік органдар БАҚ арқылы түсініктеме бермеді.
Әлі күнге дейін халық тұрмыстағы зорлық-зомбылықты ұрып-соғу ғана деп түсінеді, ал балағаттауды, сілкілеуді «Кімнің басында болмайды», «Қалыпты нәрсе ғой» деп есептейді. Ал бұл психологиялық қысым — аса ауыр зорлық-зомбылықтың бастамасы. Ұрып-соғуға жеткізбеу үшін осы фактілерді анықтап, дер кезінде арыздану тәжірибесін дамытуымыз қажет. Сондықтан заңнамадағы өзгерістер — күрделі проблеманың бір бөлшегі ғана.
— Зорлық жасаған адамды ақтауға тырысатын қоғамнан қандай қауіп көресіз?
— Агрессорды ақтап, оларды қолдап-қолпаштайтындардың да зорлық-зомбылық жасауға ниеті бар деп есептеуге болады, яғни олар қоғамға қауіпті адам. Әсіресе, патриархатты жақтайтындар зорлық-зомбылықты әйелді не баланы тәрбиелеу, түзеу деп қарайды. Кейде әйелдің өзі осыған жеткізді деп, виктимблейминг жасап жатады. Мұндай адамның саны неғұрлым көп болған сайын қауіп те көбейе түседі. Ал олардың мұны баласына сіңіретінін қоссақ, олардан келетін қауіп-қатер еселене түседі.
Зорлық-зомбылықпен күресудің ең тиімді жолы – оған төзбеу. Әр жағдайдың себебін іздемей, қатаң айыптап, жазалағанда ғана мұны азайта аламыз.
— Қазақстанда 19 наурызда мәжіліс пен мәслихатты сайлау өтеді. Бұл жолы депутат болатын әйелдердің үлесі бұрынғыдан көбейе ме? Олардың арасында әйел проблемасын көтере алатын кандидаттар бар ма?
— Биыл өзім танитын феминистер мен әйел проблемасын көтеріп жүрген әріптестерім бір мандатты округ арқылы өзін ұсынғанын байқадым. Бұл — жақсы бастама.
Аида Әлжанова, Халида Әжіғұлова, Жанар Секербаева, Ақмарал Басирова сияқты кандидаттар сайлауда жеңіп шықса, әйелдер құқығына қатысты біраз проблеманы көтеріп, өзгеріс енгізе алады деп сенемін.