Түркиядағы жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін бе еді?
Нұрсәрсен Өзбеков жер сілкінген Анадолы таулы аймақтары Альпі-Гималай сейсмикалық белдеуінің сейсмикалық белсенді аймақтарының бірі екенін айтады.
Түркияда бұған дейін де күшті жер сілкінісі болған. Бүгінгі жер сілкінісінің магнитудасы 7,8 болса, бұл шамамен — 9-10 балл деген сөз. 1999 жылғы 17 наурызда да осы елде Измит жер сілкінісі болып, оның күші 7-6 балл болған еді. Сол кезде де зардап ауыр, адам шығыны елеулі болды. Одан ертерек, 1992 жылғы 13 наурызда эпицентрі Эрзинджан қаласына жақын маңда жер сілкінді. Бұл аймақта 100 мыңнан астам адам тұратын. 7-8 балдық жер сілкінісінен аймақ қатты қирады, — дейді ғалым.
Оның айтуынша, жалпы жер сілкінісін алдын ала болжау қиын.
Түркияда ғана емес, бүкіл әлемде жер сілкінісін алдын ала болжау өте қиын. Әсіресе, қысқамерзімді болжам жасау қиын. Мұндай болжамды жасай алатын кездер бар, мысалы Қытайда жасауға болады. Дегенмен бұл — әлемде әлі шешімін таппаған күрделі проблема, — деді Нұрсәрсен Өзбеков.
Қазақстанның сейсмикалық жағдайы қалай?
Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы өнеркәсіп орындарының 40%-і сейсмикалық тұрғыдан белсенді, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан.
Шығыс Қазақстан облысынан бастап, Қызылорда облысына дейінгі ауамақта жерасты дүмпулері 7-9 балға дейін жетуі мүмкін сейсмикалық қауіпті жерлер бар. Әсіресе, Алматы облысы бұл жағынан Орталық Азиядағы өте қауіпті аймақта орналасқан. Бұрын бұл жерде жойқын жер сілкінісі бірнеше рет болған. Мәселен, 1887 жылғы Верный жер сілкінісін және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісін айтуға болады, — дейді Нұрсәрсен Өзбеков.
Институттың баспасөз қызметі қазір Қазақстанның сейсмолог ғалымдары еліміздегі сейсмикалық қауіптілігі бойынша «сейсмикалық аудандау, аймақтарға бөлу» деп аталатын карталар әзірлеп жатқанын хабарлады. Онда сейсмика жағынан қауіпті аймақтардағы жер сілкінісі көрсеткіші де тұрады. Оған қоса елдімекендерді жеке қарастыратын карталар да құрастырылып жатыр. Мысалы, Алматы қаласы үшін сейсмикалық микроаймақтандыру картасы әзірленді.
Кейінгі 5 жылда Қазақстан аумағында сейсмикалық аспаптар арқылы 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелді:
2018 жылы – 8500;
2019 жылы – 7800;
2020 жылы – 9500;
2021 жылы – 6700;
2022 жылы – 6900.
Бұл — геологиялық аймақтың сейсмикалық көрінісі. Демек, жердің бұлай сілкінгенін адамдар сезе бермейді, тек аппаратпен анықтауға болады.
Кейінгі 5 жылда адамдар сезген 66 жер сілкінісі болды. Олар:
2018 жылы – 20;
2019 жылы – 11;
2020 жылы – 15;
2021 жылы – 11;
2022 жылы — 9.
Алматыда айқын сезілген жер сілкінісі 2022 жылғы 28 желтоқсанда қаладан 190 шақырым жердегі Қырғызстан мен Қытайдың шекаралас жерінде болды.
2023 жылы Алматы аумағында күшті жер сілкінісі бола ма?
Сейсмология институты қызметкерлері жер сілкінісін болжап, бағалайды. «Орта мерзімді болжам» және «қысқа мерзімді болжам» деген бар. Орта мерзімді жоспар жылына екі рет – жылдың басында және ортасында құрастырылады.
Жақында Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орта мерзімді болжамын әзірлеп, уәкілетті органға тапсырдық. Бұл тұжырым бойынша, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында 7 балдық күшті жер сілкінісі болмайды, — делінген институт хабарламасында.
Ғылыми зерттеу бойынша апта сайын қысқа мерзімді қорытынды жасалады. Ол 200-ден астам болжамдық параметрлерді талдап құрастырылады. Институттың баспасөз қызметі осы тұжырымдар бойынша алдағы апта да тыныш болатынын хабарлады.