Биыл «Болашақ» стипендиясы аясында үміткерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді. Енді конкурсқа шетелдік жоғары оқу орны немесе ұйым тарапынан академиялық оқуға гранты бар үміткерлер де қатыса алады. Мұндай түлектер үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында еңбекпен өтеу мерзімі бес жылдан төрт жылға, өңірлерде – үш жылдан екі жылға қысқартылады, — дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Сонымен қатар ол «Болашақ» бағдарламасы тұру, тамақтану, медициналық сақтандыру, ұшу, визалық алымдар, оқу материалдарын сатып алу шығындарын өтейтінін атап өтті.
Бұл қазақстандықтарға мүмкіндіктерді кеңейтіп, бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Жетекші шетелдік ЖОО-да оқуға гранты бар үміткерлер «Болашақ» бағдарламасының конкурсына қатысу үшін шетелдік университетке өтеусіз негізде қабылданғанын растайтын құжат көшірмелерін ұсынуға тиіс. Грант бүкіл оқу кезеңі ішінде академиялық оқу ақысын өтеуі керек, — деді Әнуар Жанғозин.