Бүгінгі кездесуді қазақ тілінде бастағаным бекер емес. АҚШ Қазақстанның тарихына, мәдениетіне, халқына жол салатын бірден-бір нәрсе қазақ тілі екенін жақсы түсінеді. Өйткені тіл мен тарихтың кез келген ұлтқа тән, оның басын біріктіретін ұлттық болмыстың тірегі екеніне күмән жоқ, — деді Дэниел Розенблюм.
Елші Украинадағы соғыс Қазақстанға қаншалық кері әсер етіп жатқанын да айтты.
Әлі жалғасып жатқан Ресейдің Украинадағы басқыншылығы салдарынан Қазақстан үшін экономиканың диверсификациясы мен жаңа сауда бағыттары үлкен проблемаға айналды. Біз Қазақстанға экономикасын дамытуға 30 жылдан бері қалай қол ұшын беріп келе жатырмыз. Келешекте де солай көмектесе бермекпіз, — деді елші.
Дэниел Розенблюм бүкіл әлем боп бірігіп, әлемдегі тәртіпті бұзғысы келетіндерге қарсы тұру керек екенін айтты.
Ресейдің Украинаға ешбір негізсіз толыққанды соғыс жариялағанына бір жыл толғалы отыр. Украина халқының мызғымас ерлігі жарқын болашаққа деген үмітімді арттыра түседі. Бұл жағдай әрқайсымызға тәуелсіздік оңай келмейтінін, оған ешкім кепіл бола алмайтынын еске салды. Сондықтан бүкіл әлем боп бірігіп, әлемдегі тәртіпті бұзғысы келетіндерге қарсы тұруымыз қажет, — деді АҚШ елшісі.
Ол екі елдің ортақ мақсаты аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету екеніне тоқталды. Бұл үшін АҚШ үкіметі Қазақстанның шекара органдарымен бірге күш жұмылдырып жұмыс істеп келеді.
Кейінгі 7 жылда АҚШ үкіметі Алматыдағы Шекаралық қызмет академиясына жаттығу инфрақұрылымын салуға 7,3 млн доллар бөлді. Онда Қазақстанның шекарашылары тауарды қауіпсіз, заңды тасымалдау үшін білігін арттырып, адамның, тауардың және қарудың заңсыз тасымалы алдын алу бойынша жаттығады, — деді Дэниел Розенблюм.
Бұған дейін елші елімізде журналистерге жасалып жатқан шабуылға алаңдайтынын жазған едік.