Заңмен майнерлерге лицензия беру тәртібі енгізіледі. Олар Қазақстанда ресми түрде тіркелуге міндетті болады. Осылайша, майнерлер заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық салынатын субъектіге айналады. Майнинг-пулдар да экономиканың бір бөлігі болады. Лицензияны цифрлық даму министрлігі береді деген жоспар бар. Ал криптобиржалар халықаралық қаржы орталығында орналасады және соның аясында ғана жұмыс істейді. Себебі Қазақстанда криптовалютамен төлем жасауға тыйым салынған.
Бұдан бөлек, майнерлер табыстың 75%-ін отандық криптобиржаларда айырбастауға міндеттеледі. Бұл талап 2024 жылдан бастап енгізіледі. Қолданыстағы салықтан бөлек майнерлердің сыйақысына қосарланған құн салығы, майнинг пулдың табыс салығы, сонымен қатар криптобиржадағы операциялар үшін төлем алынады.
Сенатта заңды талқылау барысында тағы бірнеше өзгеріс енгізілді. Олар:
- цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың кіші түрлерінің атауларын нақтылау;
- цифрлық майнердің қызметін жарнамалауға қатысты нормаларды алып тастау, өйткені олар «Жарнама туралы» заңда және әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген;
- заң нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдерін нақтылау.
Мәжіліс осы өзгерістерді қабылдағаннан кейін заң бірден президенттің қол қоюына жіберіледі.