Басты бетЖаңалықтарБас прокуратурада...

Бас прокуратурада кадрлық ауыс-түйіс болды

ҚР бас прокурорының бұйрығымен халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы лауазымына Нұрдәулет Сүйіндіков тағайындалды.

Нұрдәулет Сүйіндіков еңбек жолын 2000 жылы Шымкент прокуратурасының құқықтық статистика және ақпарат жөніндегі маманы қызметінен бастады. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы прокурорының аға көмекшісі, Шымкент прокуратурасының бөлім прокуроры, бөлім бастығы қызметтерін атқарды.

2005-2010 жылдары бас прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы қадағалау департаменті бөлімнің аға прокуроры, бөлім бастығы, басқарма бастығы, департамент басшысының орынбасары, бас прокурордың ерекше тапсырмалар бойынша аға көмекшісі — ҚР құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің хатшысы лауазымдарында жұмыс істеді. Астананың «Сарыарқа» ауданының прокуратурасын басқарды, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары болды. 2018 жылдан бастап коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарда, Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2022 жылдың маусымынан бастап қазіргі уақытқа дейін бас прокуратураның стратегиялық дамыту департаментінің бастығы қызметін атқарды.

Сонымен қатар стратегиялық дамыту департаментінің бастығы болып Әлжан Нұрбеков тағайындалды.

Әлжан Нұрбеков прокуратура органдарындағы қызметін 2000 жылы Шымкент прокуратурасында бөлім прокуроры қызметінен бастады.

Астана прокуратурасы бөлімінің прокуроры, Астана прокуратурасының «Сарыарқа» ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы, бас прокуратураның халықаралық ынтымақтастық департаментінің басқарма прокуроры, аға прокуроры және бастығы лауазымдарын атқарды. 2011 жылы бас прокуратураның халықаралық ынтымақтастық департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды. 2017 жылдан бастап осы уақытқа дейін бас прокурордың ерекше тапсырмалар бойынша аға көмекшісі қызметін атқарды.