Басты бетЖаңалықтарҮкімет шетел...

Үкімет шетел автокөліктерін заңдастыру ережесін бекітті

11 қаңтарда ҚР №13 «ҚР аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекіту және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың), сонымен қатар көлік құралдары санаттарының кеңейтілген міндеттемелерінен босату туралы» қаулыға қол қойылды.

Қаулы негізінде 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін ел аумағына әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды утиль алым төлеуден босатудың тәртібі, шарттары мен мерзімдері айқындалады.

Егер көлік құралдары:

1.ҚР аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген;

2.іздеуде жоқ;

3.басқа мемлекеттің құзыретті органында бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік есептен шығарылған;

4.кедендік тазартудан өткен болса, яғни осындай талаптарға сәйкес келсе, қаулыға сай көлік құралдарына бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 000 теңге мөлшерінде алым мөлшерлемесі қолданылады.

Шетел автомобильдерін бастапқы тіркеудің көрсетілген тәртібі 2023 жылғы 1 шілдеге дейін қолданыста болады және М1, M1G, M2, M2G, N1, N1G санаттарындағы көлік құралдарына, оның ішінде бастапқы мемлекеттік тіркеу ҚР азаматтарында жүзеге асырылатын басқару тетігі оң жақта орналасқан көлік құралдарына қолданылады.

Бұл ретте көлік құралдарын санаттар бойынша жіктеу кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіндегі (КО ТР 018/2011) 1-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.