Аталған заң жобасы республикалық референдум қорытындылары бойынша ел Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленді. Атап айтатын болсақ, биылғы 8 маусымдағы заңмен Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, Қазақстанның тұңғыш президентінің мәртебесі мен өкілеті Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Ата заңның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Осыған байланысты, бұл заң жобасымен құқықтық негіздің жоқтығын ескере отырып, тиісті конституциялық заңның күшін жою көзделеді, — деді мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметов палатаның жалпы отырысында.
Осы орайда ол мәжіліс комитеті заң жобасын талқылауға алатынын айтты.