«Жас отбасы» бойынша биыл баспаналы болғанның бірі – астаналық Назым Рақымова. Ол бағдарлама шарттарын банктің ресми сайтынан мұқият оқып, өзге несиелермен салыстырып, артықшылығын бірден байқаған. Осылайша, ерлі-зайыпты жылдық мөлшерлемесі төмен заем алу үшін бірден әрекетке кіріскен.

«Көп ойланбай, шот ашып, жиған-тергенімізді депозитке салдық. Ипотека рәсімдеуде ешқандай қиындық болған жоқ, бас-аяғы бір-екі апта кетті. Ең қиыны – депозитте үй бағасының жарты сомасын жинау болды. Ал Астана мен Алматыда үй қымбат, ақшаны жинауға шамамен екі жылдай уақыт кетті. Кейінірек көлігімізді сатуға тура келді. Дегенмен соңында қалаған үйімізді сатып алғанымызға қуандық», — дейді ол.

Назым Рақымова. Фото жеке архивінен

Назым баспаналы болуды көздеп жүргендерге осы бастан депозит ашып, ақша жинауды әдетке айналдыруға кеңес берді. Оның сөзінше, тек осы тәртіппен, жүйелі түрде жинақ жасай бастағанда ғана арманыңызға бір қадам жақындайсыз.

«Жас отбасы» бағдарламасының басты талабының бірі – отбасы құрылғаннан кейін 5 жыл өтпей шот ашу қажет, бірақ өзім құрдастарыма, өзімнен кейінгілерге ертерек қамданған жөн деп айтқым келеді. Жұмысқа тұрған кезден бастап банктен шот ашып, мүмкіндігінше депозитті толтыруға әрекет етіңіз. Бұл болашақта бағалау көрсеткіштеріңіздің жоғары болуына көмектеседі. Тағы бір ескеретін нәрсе – үйді сенімді құрылыс компанияларынан алғаныңыз жөн. Ипотека ұзақ мерзімге беріледі, сол себепті алғалы тұрған үйіңіздің мекенжайына, сапасына мән беріңіз. Инфрақұрылым жағынан да (балабақша, мектеп, жұмыс орныңыздың жақын болуы) өзіңізге барынша тиімді болуы қажет», — дейді ол.

Назым тиімді әрекет ете білген адамның баспаналы болуы тез-ақ дейді. Сондықтан өзі қолданған бірнеше лайфхакты бөлісті.

  • Отбасы банкінен депозитті жаңадан ашсаңыз, әр ай сайын салатын сомаңыз мүмкіндігінше көбірек болғаны жақсы, бұл бағалау көрсеткішін өсіреді;
  • Ай сайынғы салатын сомаңыз келісімде көрсетілген минимал сомадан кем болмағаны дұрыс;
  • Жұбайыңыз бен өзіңізге бөлек шот ашқаныңыз жөн, сол кезде мемлекеттік сыйлықақы да екеуіне түседі, кейін депозиттерді біріктіруге болады.

Бағдарламаға заңды некеге тұрғанына 5 жылдан аспаған отбасылар қатыса алады. Бұл үшін ерлі-зайыптының біреуі (екеуі де ашуына болады) Отбасы банкінде депозит ашып, қаражатты кемінде бір жыл жинауы керек. Несие рәсімдейтін кезде шотта сатып алатын тұрғын үй сомасының 50%-і болуға тиіс, ал бағалау көрсеткіші 5-ке жетуі керек. Ерлі-зайыптының жас ерекшелігіне қатысты қандай да бір шектеу жоқ.

Мөлшерлеме: жылдық 6% (ЖТСМ 6,3%-тен бастап);

Несие сомасы: 100 миллион теңгеге дейін;

Несие мерзімі: 9 жылға дейін;

Кепілзат: сатып алғалы жатқан жылжымайтын мүлік.

«Жас отбасы» бағдарламасының артықшылығы – несиені жаңа, қолданыстағы пәтер алу үшін және оған жөндеу жұмыстарын жүргізуге немесе жеке үй салуға да пайдалануға болады. Екі жылдан кейін берешек бойынша жылдық мөлшерлеме 5% дейін төмендейді. Бұған қоса, депозитті ерлі-зайыптылардың екеуіне де ашып, мемлекеттік сыйлықақыны жеке-жеке алу мүмкіндігі де ұсынылады. Осылайша, қажетті соманы жинау уақытын қысқартуға болады.

Қазір Отбасы банкінде «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша өзінің тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 10 700-ден астам жұп депозит жинап жатыр.