— Айзере, жеңісің құтты болсын! Неше жасыңнан бастап көлемді шығармаларды оқи бастадың?

— Кітап оқуға деген құштарлығым тоғыз жасымнан басталды. Үйіміз ауыл кітапханасының жанында, сол үшін қызық көріп баратынмын. Мектеп кітапханасынан да балалар әдебиетін алып оқып жүрдім, бірақ әуеліде кітаптың мазмұнына аса бір таңдау жасамайтынмын. Бастысы кітап мұқабасының әдемі, көлемінің аз болуына мән беретінмін. Сонымен бірге кітап оқуыма әпкем де әсер етті. Ол алып келген кітабын ыждағатпен, бірақ жылдам оқып бітіретін. Сосын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Армангүл Серікқызына сол оқыған кітаптары жайлы пікір жазып отыратын. Әпкемнің бұл әдеті маған да ұнап, еліктей бастадым. Ол оқыған шығармаларды өзім де оқып, маңызды тұстарын дәптеріме жазып жүрдім. Осылай көркем әдебиетке қызыға бастадым. Алайда кітап оқу хоббиім болып қалады-ау. Себебі болашақта аудармашы болғым келеді.

— Қазір кітап таңдағанда неге мән бересің?

— Қазір кітаптың алғашқы бетіндегі аңдатпасына мән беремін. Асықпай қарап, алдыңғы беттерін парақтап шығамын. Еңбектің мазмұнына үңілемін. Өйткені қолыма алған кітабымды жарты жолда қалдырғым келмейді. Өзіме мұқабаның әлі де маңызы бар. Іші ғана емес, сырты да әдемі кітап оқырмандарды қызықтырмай қоймайды.

— Оқыған кітаптарыңның қайсы жаныңа жақын? Қай жанрды сүйіп оқисың?

— Оқыған кітаптарымның ішінде жаныма жақыны — Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», «Бір кем дүние», Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар», Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма», «Ескек жел», Анна Сьюэллдің «Сүлікқара» шығармалары. Бердібек пен Сайын аталарымның шығармалары шабыттандырады. Әсіресе, соғыс жылдарын баяндайтын кітаптар мен шетел әдебиеттерін сүйіп оқимын.

Айзере - "Балалар әлемі" республикалық байқауының жеңімпазы
Айзере — «Балалар әлемі» республикалық байқауының жеңімпазы. Фото жеке архивінен

Оқыған әр кітабым қымбат. Қатарластарыма оқуға Әлдихан Қалдыбаевтың «Мен апамның баласымын», Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме», Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек», «Аяжан», Сәуле Досжанның Жақсылық Үшкемпіровке арнаған «Біртуар», Шерхан Мұртазаның «Интернат наны», Қаржаубай Омарұлының «Әке», Сайын Мұратбековтің «Қылау» шығармаларын, шетел әдебиетінен Ракель Паласионың «Ғажайып», Эдит Несбиттің «Теміржол бойындағы балалар» және Руал Даһлдың кітаптарын ұсынар едім.

Өзім бір кітапты шамамен бір-екі апта оқимын. Ұстазым Армангүл Серікқызы арасында жарыс ұйымдастырып тұрады. Сол кезде тездетіп оқып бітіруге тырысамын. Өйткені ұстазым кітапты оқып бітіруім керек күнді өзі белгілеп береді. 2021-2022 оқу жылында, жазғы демалысымды қосқанда 70 кітап оқыдым.

— Шығармаларды көбіне қай тілде оқисың? Қазақша балалар әдебиеті жеткілікті ме?

— Кітаптарды ана тілімде оқимын. Ұстазымның бастамасымен мектеп түлектері оқу ордамызға қазақша шығармаларды сыйға тартқан еді. Онлайн дүкендермен де байланыс жасап, мектеп кітапханасының сөресін әдеби кітаптармен толтырды. Сондықтан қазақ тілінде балалар әдебиеті жеткілікті деп айта аламын.

Мойылды негізгі орта мектебі
Мойылды негізгі орта мектебі. Фото Айзеренің жеке архивінен

Жеке смартфоным болмағандықтан, кітап оқуға көп уақыт жұмсаймын. Өз смартфоным болған күннің өзінде тәуелді болмаймын, әдебиет оқуға кесірі тимейді деп ойлаймын. Смартфон қолдануды шектеу аса қиын емес. Мысалы, әпкемнің жеке смартфоны бар, бірақ ол кітап оқудан алыстаған жоқ қой. Смартфонын да пайдаланып, кітабын да уақытында оқиды. Биылғы мамырда кітап оқуды насихаттау бағытында жоба қорғап, III орын иеленді. Жоба барысында тізім жасақтаған кезде ол 70 кітап оқыған екен. Ендігі кітап саны 80-нен асқан шығар.

Біз Айзеренің ұстазы, қазақ тілі пен әдебиеті пәнінің мұғалімі Армангүл Хамзинаны да әңгімеге тарттық.

— Армангүл Серікқызы, Айзеремен бірге байқауға қанша уақыт дайындалдыңыздар?

— «Балалар әлемі» байқауының өтетінін жаздың соңында білдік. «Әдебиет порталына» салынған кітаптардың сілтемелерін де оқу жылы басталатын уақытта беріппін. Байқаудың аудандық кезеңіне алты оқушым қатысып, үшеуі жеңімпаз болды. 5-класс оқушысы Әсет Әлібек ll орын, 6-класс оқушысы Айзере Ғазиз l орын , 9-класс оқушысы Саят Зинет lll орын алды. Оқушыларымның дайындығын қадағалап жүрдім. Айзере аудандық кезеңнен өтіп, облысқа жолдама алды. Жүйелі дайындықты қыркүйектің соңында бастадық. Екі кітапты да өзім оқып бердім, біраз еңбектендік. Сабақтарынан сұрап алған да кезім болды. Үйіме шақырып та дайындалдық. Дәптер арнап, керек тұсын жазып отырдық. Облыстық кезеңде эссе жұмысына берілген 40 ұпайдың 34-ін, тестке берілген 60 ұпайдың бәрін жинады. Ал республикалық кезеңде эсседен 37, тесттен 59 ұпай алды.

Айзере Ғазиз
Айзере Ғазиз. Фото жеке архивінен

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында балаларға көркем шығармаларды оқытуды 2020-2021 оқу жылының ақпан айында #Бізбенбіргеоқы кітап оқу марафоны ретінде бастадым. Сол жылы Айзере 5-класқа көшті, бірақ өзім сабақ бермейтінмін. Ол бір күні 7-класта оқитын әпкесінен «Кітапқұмарлар» тобының мүшесі болғысы келетінін айтып жіберіпті. Сол оқу жылының ақпан айынан бастап, әріптесімнің декрет демалысына шығуына байланысты мен Айзеренің класына сабақ бере бастадым. Осы кезден байланысымыз нығайып, жұмысымызды жүйелендірдік.

«Балалар әлемі» байқауынан әр кластағы кітапқұмар оқушының қалыс қалмауын назарда ұстадым. 5-6-класс оқушыларына электрон кітапты оқу қиын. Сол үшін Мойылды ауылдық кітапханасының қызметкері Меңсұлу Амандосова жан-жаққа хабарласып, Әсет пен Айзере оқуға тиіс кітаптарды тауып берді. Ол бірінші кітапты аудан орталығынан, екіншісін көрші ауылдағы кітапханадан алдыртты.

Айзеренің Астанаға бара жатқан жолда "Балалар әлемі" байқауының финалына дайындалып отырған сәті
Айзеренің Астанаға бара жатқан жолда «Балалар әлемі» байқауының финалына дайындалып отырған сәті. Фото жеке архивінен

— Балалардың көркем әдебиет оқуға қызығушылығын қалай арттыруға болады?

— Мектебімізде кітапқұмар бала көп. Оқушының әдебиетке құмарлығын арттыру мұғалімнің ғана жұмысы емес. Оны ата-анасы да қолға алуға тиіс. Күніне 20 минут кітап оқуды дағдыға айналдырғаны жөн. Бала үйдегі бір адамның қолына кітап ұстағанын көрсе, соған еліктейді. Кейде баласының қолынан кітап байқаған ата-ананың өзі де әдебиетті оқи бастады. Ондай жағдайлар да болған.

Айзере ұстазы Армангүл Хамзинамен
Айзере ұстазы Армангүл Хамзинамен. Фото жеке архивінен

Баланың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін кітапхананың да бай болғаны абзал. Сол байлықты, қазынаны уақытында насихаттай білуіміз керек. Бала әдеби шығарманы жай ғана оқи салмай, оны түсініп, бірдеңе түйгені дұрыс. Кітапты алып, бетін ашпай, сол күйі қайтадан тапсыратын балалар да бар. Қазір шығып жатқан жаңа кітаптарды балалардың жас ерекшелігін ескеріп, қызықтыра білуіміз керек. Мысалы, биыл 5-класта оқитын ұлым Руал Даһлдың кітаптарын сүйіп оқиды. 9-класта оқитын қызым Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттерінің» алты томын бітіріп, жетінші томын күтіп жүр. Дизайны әдемі бетбелгілердің де әсері бар. Қазір олардың түр-түрін табуға болады. Сонымен бірге кітап оқытумен қатар бала жадына нейрогимнастикалық жаттығулар жасағаны жөн. Жылдам оқу техникасын меңгергені де маңызды.

Шынар Жұмасат