«– Мен қойған атты өзгертіп тастайын деп тұр ғой.
– Иә.
– Мен кінәлі болдым ғой?
– Кінәлі емессің, мама, жай ойламағансың ғой, нашар есім».

Бұл — есімін Айрин деп өзгерткісі келетін Ұлжан мен оның анасының диалогы. Ұлжан қыз боп туғаны үшін ата-анасының үмітін ақтамағандай, өзін кінәлі сезінген. Оның сөзінше, мұндай есімі бар әр қыз өзін кінәлайды.

«Есімімнің мағынасы ұнамағаны себепті атымды өзгертемін деп шештім. Өзім сияқтылар көп болуы мүмкін, бәрі «тым кеш», «адамдар не дейді екен?» деген оймен ауыстыруға қорқатын да болар. Өзім де атымды өзгертетінімді айтқанда мұндай жағдайға кезіктім, — дейді ол.

Ұлжан есімді тағы бір әйел өзін ер сияқты сезінеді, айналасында көбіне ерлер жүреді. Әке-шешесі де «Қимыл-қозғалысың ер баланікі сияқты» дейді. Ұлжан вахта әдісімен жұмыс істейді, онда 40 ер бар, жалғыз өзі — әйел.

«Өзіме есімім қатты ұнайды. Әрдайым «Менің атым Ұлжан» деп мақтанышпен айтамын. Үйде бәрі менен кейін ұл туғаны үшін жақсы көреді. Бәріміз жиналғанда әкемнің қасында отырамын. Негізі үйдің кішісімін, сондықтан жүгіріп, шаруаларды істеуге тиіспін, бірақ төрге отырып аламын», — дейді ол.

Әке-шеше, жалпы қоғам қызға «ұл» түбірінен басталатын есім беру арқылы оның «қалаусыз» туғанын айтқысы келе ме? Ерді дәріптейтін елеусіз есімнің әйел тағдырына, оның жан-дүниесі кесірі бар ма? Ал бірнеше ұл дүниеге келген отбасында неге Қызболсын, Қызжан дейтін есім беру дәстүрі жоқ? Қазақстандық режиссер Екатерина Суворова осы тақырыпта Qyzbolsyn дейтін деректі фильм түсірген. Жоғарыдағы екі Ұлжан да — сол фильмнің кейіпкері.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Тихий Свет (@tihiysvet)

Бұл — Екатерина Суворованың төртінші деректі фильмі. Режиссер тақырыпты тереңірек зерттеу үшін БҰҰ халық саны жөніндегі қорымен (UNFPA) бірге эксперименттер жасаған. Ал оған фильм түсіру идеясы күйеуінің Ұлболсын дейтін әжесімен танысқаннан кейін келген.

Екатерина Суворова
Екатерина Суворова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Күйеуімнің әжесімен танысқаннан бері неге оның есімі Ұлболсын екенін түсінбей жүрдім. Әжем өмір бойы атын қысқартып, өзін «Уля» деп таныстыратын. Әжеммен танысқаннан бастап әлеуметтік зерттеулер жасай бастадым. Дәстүрге қарсы шығайын деп тұрған ойым жоқ, жай ғана осындай дәстүрлі манифестацияда өмір сүрудің мәнін анықтағым келді», — дейді Екатерина Суворова.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырған «Гендер және Қазақстан қоғамы» кітабының таныстырылымы кезінде фильмнің трейлері көрсетілді.

Деректі фильмнің кейіпкерлері Қазақстанның түкпір-түкпірінен іздестірілген. Алайда қаржы мәселесіне байланысты тақырып Шымкент пен Алматы және оның айналасындағы ауылдарды ғана қамтыған. Кейіпкердің әрқайсы есіміне көзқарасын өзінше қарастырады: біреуі өзгерткісі келеді, кейбірі отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінеді, сол себепті ұнамаса да, қалдыруды ойлайды. Ал кейбірі өзінен кейін ұл дүниеге келгені үшін бұл есімді мақтан тұтады.

Айта кетейік, ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда есімі «ұл» түбірінен басталатын 75 400 әйел бар. Ал еліміздің оңтүстігінде туған әр қыздың үшіншісіне Ұлболсын, Ұлжалғас есімі қойылады екен.

Qyzbolsyn деректі фильмі осындай есімдердің мағынасы әйел тағдырына қалай әсер ететінін анықтап, ер мен әйелдің теңдігін насихаттауды көздейді.

Данагүл Науханова