— Әйгерім, бұған дейін халықаралық спорт жарыстарына жиі бардыңыз. Шетел медиасының аренадан ақпарат таратуы мен Қазақстандағы спорт журналистерінің жұмысынан қандай да айырмашылықты байқадыңыз ба?

— Әуелі спорт журналистикасы, спортшылардың қоғаммен байланыс орнатуы тақырыбына қызыққаныңызға рақмет. Кейде әлеуметтік желіде жазып, кейде достарыма айтатын әңгімені Baribar.kz оқырмандарына жеткізу мүмкіндігі туып отыр.

Өзім халықаралық спорт жарыстарына БАҚ өкілі ретінде емес, баспасөз хатшысы ретінде қатыстым. Журналистермен тығыз қарым-қатынаста болдық.

Халықаралық БАҚ-тың жұмысын бақылап, спорт журналистикасы дамуы үшін әуелі оған жағдай жасалуы керек екенін түсіндім. Жақында Ташкенттегі дюздодан әлем чемпионатында дамыған медиалардың жеке фотографы, мобилографы, журналисі болды. Ал бізде жарысқа жіберу үшін қазақша-орысша қатар жаза алатын, фото-видеоға да түсіре алатын адам іздейді. Біздің медианарық үшін осы әдіс ыңғайлы әрі тиімді.

Дамыған елдерде әр спорт түріне маманданған журналист бар. Боксқа осы спорт түрін жақсы білетін, мәнерлеп сырғанауға сол саланың журналисі барады. Ал бізде бүкіл жарысқа баратын топ бірдей, әмбебап журналистерден құралған. Сол себепті де баспасөз конференциясында қойылатын сұрақтар да жалпылама. «Қанша уақыт дайындалдың», «Қарсыласыңды танисың ба?» деп сұрайды. Жарыс аяқталған соң «Қандай сезімдесің», «Не жетпеді?» дейтін жаттанды сұрақ қойылады.

Халықаралық жарыстарда өзге елдің журналистерінің сұрағын естігенде таңданасың. Спортшының әр жекпе-жегін, оның ерекше тұсын жатқа біледі. Әр әдісін талдап сұрайды. Қазақстан журналистері шетелдегі жарыстарға көп бара бермейді. Содан да тәжірибесі аз сияқты көрінеді.

— Спорт журналистері халықаралық жарыстарға неге көп бармайды және бұл салаға қандай материалдар жетіспей отыр?

— Елімізде спорт журналистерін шетелдегі жарыстарға федерациялар мен спорт ұйымдары жібереді. Ал редакция мұндай жарыстарға қаржы бөлмейді. Қазақстан журналистикасындағы ең үлкен аудиторияны ақпарат агенттіктері, әмбебап сайттар алып отыр. Көпшілігінде штаттағы спорт журналисі жоқ. Олар пресс-релизбен шектеледі.

Әйгерім Тоқсанбек
Әйгерім Тоқсанбек 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада кезінде. Фото жеке архивінен

Пресс-релизді көшіріп, жариялайтындарды спорт журналисі деп атау қаншалықты орынды екенін білмеймін. Алайда спорт журналисі барлық жарыстың қазанында қайнап жүруі керек. Спортшылар, жанкүйерлер сезінген эмоцияны өзі де көруі керек. Ал Қазақстанның медианарығында мұндай қызметкерді штатқа жұмысқа алу тиімсіз. Спорт журналистеріне де, медиаға да тиімдісі – фриланс, яғни қаламақыға материал жазу. Спортты жақсы түсінетін, оған жаны ашитын журналистер қанша ақы төлесе де сауатты материал жазып беруге тырысады.

Негізі медиада спорт тақырыбы жақсы оқылады, жанкүйері көп. Әлемдік тәжірибеде спорт журналистикасы үлкен бизнеске, табыс көзіне айналған. Қазақстандағы медианың спорт порталдарымен келісіп, ақпарат алып отыруға мүмкіндігі бар. Осы практиканы басқа салалық журналистикада да қолдануға болады. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, спорт туралы ақпарат жазса да, оны сол саланың журналисі жазуы керек.

Тағы бір ескеретін нәрсе — қандай да бір федерация немесе ұйым жарысқа баруға демеуші болған соң, спорт журналисі қандай да бір деңгейде оның мүддесіне жұмыс істейді, толықтай тәуелсіз ақпарат тарата алмайды. Қаржы бөлген ұйымның қалағанындай жұмыс істемесе, келесі жарысқа шақырмауы, апармауы мүмкін. Әрине, спорт журналистерінің ұйымдармен жұмыс істегені дұрыс, бірақ бұл қарым-қатынас достық емес, кәсіби деңгейде болуы керек.

Спортшы жеңілсе де, жеңсе де, бәрі ашық айтылуы керек. Оқырманға әділ болуға тиіспіз. Ал біздің журналистер спорттағы жеңілісті жылы жауып қоя салады. Өзім дзюдоның фанатымын, бірақ жарыс кезінде эмоциямды көрсетпеймін. Жарысқа дайындық кезінде спортшыларға қолдау көрсетемін, жақсы қарым-қатынаста боламын. Ал жарыс кезінде өзіме жүктелген міндетті ғана атқарамын. «Сіздер өз жұмыстарыңызды істеңіздер, ал мен өзімдікін істеймін» деп келісіп аламыз. Спортшы ұтса — ұтқанын, жеңіліп жатса — жеңілгенін жариялап отырамын. Барынша объектив болуға тырысамын.

Жеңіліп қалған спортшы сыннан қорқады. Өйткені қоғамның жеңілісті қабылдай алмайтынын біледі. Әлеуметтік желі де негативке толып тұр. Халық жеңімпазды жақсы көреді. Дүниежүзінде оған сай келетін адам жоқтай мақтап, эгосын өсіреді. Сондықтан спортшылар жеңілісті қабылдай алмай жатады.

Әйгерім Тоқсанбек, Елдос Сметов
Әйгерім Тоқсанбек дзюдошы, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметовпен. Фото жеке архивінен

Қазақ медиасы да тек нәтижеге назар аударады. Қазақстан спортшылары қандай да бір спорт түрінен нәтижеге жетсе, сол туралы көп жазылады. Ата-ана насихаты жақсы болған соң баласын үйірмеге береді. Ал әлі нәтиже байқалмаған спорт түрі көлеңкеде қалып қояды.

Қазақ журналистері эмоцияға бейім келеді. Ал спорт журналистикасына сараптама материалдар жетпейді, тек ақпаратпен шектелеміз. «Бүгін мынадай жарыс өтті, нәтижесі осындай болды» деп қана хабарлайды және бұл тақырыпқа қайтып оралмайды. Жарысқа қатысты ешқандай талдау, сын, сараптама жасалмайды. «Қалай жеңді, неге жеңілді?» деген сұрақтар жауапсыз қала береді. Оқырман «Спортшыларға көп ақша бөлінеді, жағдай жасалып жатыр», «Олар неге жеңіліп қалды», «Неге медаль алмады?» деген ойға қалады. Спорт журналистері кәсіби тұрғыда осы сұрақтарға жауап беруі керек деп ойлаймын.

Екінші мәселе – кәсіби спорт журналистер аз. Алты жылғы тәжірибемде материалды қазақша сараптап жазатын Есей Жеңісұлын, ал орысша Жеңіс Байғожаны, Сергей Райлянды таныдым.

Әйгерім Тоқсанбек
2018 жылы Бакуде өткен дзюдодан Әлем чемпионаты. Фото Әйгерім Тоқсанбектің жеке архивінен

Қазақстан және әлем чемпионаты болсын, Олимпиада болсын, журналистер тек ақпарат таратуға келеді. «Ұтылды, ұтты, осынша медаль алды» деп жазады, әрі кетсе пікір алады. Спорт журналистерінен мұның себебін сұрағанда «Қазір көлемді материалдар оқылмайды» деп жауап береді.

Негізі лонгрид оқырманын табады. Мұны тәжірибемнен білемін. Кез келген спортшы, спорт түрі туралы материал оқылады. Өйткені жанкүйерлер ақпаратқа «аш». Спортшының адам ретіндегі бейнесін ашып, спорт түрі туралы түсіндірме-сараптама материал жазып, жанкүйерлерді тартуға болады.

— Жауапкершілік тек журналиске жүктелмейді ғой. Спорт журналистикасының дамуына баспасөз хатшылары қалай әсер етіп жүр?

— Әрине, жауапкершілік журналистерден бұрын спорт ұйымдарының баспасөз хатшыларына артылады. Олар журналистердің жұмыс істеуіне, ақпаратқа алуына жауапты. Баспасөз хатшыларының бір кемшілігі – журналист пен спортшы арасындағы сенімді қарым-қатынас орната алмайды.

Кей қоғаммен байланыс маманы өзін басшының хатшысы, басшылық пен спортшы арасындағы көпір деп есептейді. Жоғарыдан келген тапсырманы, идеяны спортшыға жеткізеді. Ал халықаралық стандарт бойынша баспасөз хатшысы басшылықпен, спортшымен бірігіп аудиторияға, спорт жанкүйерлеріне жұмыс істеуі керек еді.

— Спорт жаңалықтары көбіне әуелі орысша, содан кейін қазақша жарияланып жатады. Мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз?

— Спорт жаңалықтары орысша көбірек оқылады деген қате пікір бар. Қате дейтінім, мұны теріс екеніне бірнеше дәлелім бар. Осыған дейін ұлттық олимпиада комитетінде жұмыс істедім. Сол кезде әріптесім Ақырыс Сейітқызы екеуіміз сайттың қазақ редакциясын жүргіздік. Ақпаратпен қоса, түрлі айдар аштық. Спортшылардың болмысын ашатын, сараптама материалдар жаздық. Спорт саласының басқа да қызметкерлерден сұхбат алдық. Мысалы, спорт дәрігерлерінің қызметіне қызыққандар көп болды. Әр материалымыз көлемді еді, оқитындар көбеймесе, азаймады. Демек, спорт туралы көлемді қазақша материал оқылмайды деген пікір – миф.

— Спорт журналисі болғысы келетіндер алғашқы қадамын неден бастауы керек?

— Бұл сұрақты оқушылар, студенттер, волонтерлар көп қояды. Мен спорт жанкүйері ретінде келдім. Журналист Руслан Меделбек студент кезімде «Астанада өтетін жарыстарға тіркеліп, бара бер» дейтін. Студент кезімде спорттан соншалықты хабарым болмаса да, жарыстарға бара бердім. Солай-солай үйреніп, біліп алдым. Интернеттен іздеп, өзге журналистерден, спортшылардан, бапкерлерден мен баспасөз хатшыларынан сұрап жүріп материал дайындадым.

Спорт журналистикасы, дхюдо, чемпионат
Әйгерім Тоқсанбек Токио Олимпиадасы кезінде. Фото жеке архивінен

Қазақстанда спорт журналистеріне арналған мектеп жоқ. Бәрі өздігінен үйреніп кетеді. Спорт журналисі болудың нақты алгоритмі де жоқ. Әрқайсы әртүрлі жолмен келеді. Кей университетте спорт журналистикасы пән ретінде оқытылғанымен, бұл салада тәжірибесі жоқ маман дәріс береді.

Қазір жарыстың көбіне жас журналистер, студенттер келеді. Оларды көптеп қабылдауға, жағдай жасауға тырысамыз. Алайда тіркелгенінің көбі жарысқа журналист ретінде емес, жанкүйер ретінде қатысады.

Әр жарыс аяқталған соң мониторинг жасаймын. Сол кезде көпшілігі ақпарат та жазбайды екен. Спортшылармен фото-видеоға түсіп, оны әлеуметтік желіге салады. Спорт журналисі болғысы келетін студенттің бетін қақпаймыз, сұраған ақпаратын, спикерін тауып береміз. Олардың да тарапынан жанашырлық пен адалдықты күтеміз.

— Спортшы мен журналист арасында сенімді қарым-қатынас орнатудың қандай жолы бар?

— Дүниежүзіне танымал спортшылардың жеке менеджері бар. Ал біздің спортшылар журналистен қорқады. Негізі спортшылар — өте ашық халық. Спортшылар «Сұхбат бергенде бірнәрсені дұрыс айтпасам, журналист оны жариялап жібереді, сосын халық мені дұрыс қабылдамай қалады, басшылықтан ескерту аламын» деп ойлайды. «Сұхбат беріп жүргенше жарысқа дайындалмай ма?» деп сынайтындар да бар. Мұның бәрі спортшының эмоционал интеллектіне кесірін тигізеді.

Әйгерім Тоқсанбек
Әйгерім Тоқсанбек 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада кезінде. Фото жеке архивінен

Дзюдо федерациясында алғаш істеп жүргенде жарыс біткен соң спортшыларды таппай қалатынмын. Бірде шетелдегі жарыста ұтылып қалған спортшымыз бірден қонақүйіне қашып кетіпті. Артынан барып, сөйлестім. Келесіде қандай жағдай болса да қашпай, мән-жайынды айтып түсіндіреміз деп келістік. Олимпиада ойындарында да спортшы жарыс аяқталған соң пікір беруі керек. Ал Қазақстанда спортшыны тасалап алып кетеді. Әр спортшының айтары, ойы, пікірі бар. Соны тек сұрай білу керек.