Бір алтынды Галина Вишневская алды. Ол 7,5 шақырым қашықтықта спринтерлік жарыста 20:32.6 минут көрсеткішпен бірінші келсе, екінші болып одан 24.2 секундқа қалып қойған қытайлық спортшы келді, үшінші орынды тағы бір қазақстандық Алина Райкова алды. Ол отандасынан 50.6 секундқа қалып қойды.
Екінші алтын медальді қоржынға биатлоншы Ян Савицкий салды. Ол 10 шақырымға спринттен жарыста үздік болды. Екінші болып мәреге тағы бір қазақстандық Василий Подкорытов келді. Ол күміс медаль еншіледі.
Савицкий бір рет қана мүлт кетіп, қашықтықты 26 минут 59,2 секунд көрсеткішпен жүріп өтті. Ал Подкорытов екі рет мүлт кетіп, 15 секундқа кешігіп келді.
Тағы бір күміс медальді шаңғышы Елена Коломина бес шақырымға классикалық стильде жүгіруден жеңіп алды. Ол қашықтықты 15:02.8 минут көрсеткішімен келіп, Жапония спортшысы Юки Кабаяшиден 6,7 секундқа қалып қойды. Ал қола медаль Қытай өкіліне бұйырды.
Айта кетейік, Коломина бұл жарыста осымен үшінші медальді алып отыр. Бұған дейін ол 1,4 шақырымға классикалық стильде жүгіруден күміс, ал 10 шақырымға еркін стильде жүгіруден қола медаль жеңіп алған еді.