Қазақстанда аяғы ауыр болған әрбір алтыншы әйел түсік тастайды екен. «Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясының Kazakhstan Women’s Health әлеуметтік-ағартушылық жобасы аясында жүргізген зерттеуі мұндай жағдайлардың әйелдер қолданатын контрацепция әдістеріне қатысы барын көрсетті. Дегенмен бала тууды жоспарламаған кезде жүктіліктен қорғанғанымен түсік жасатқысы келмейтін де респонденттер бар. Зерттеу басқа да бірнеше проблеманы байқатты.
Әйелдер денсаулығына қатысты зерттеу онлайн сауалнама әдісімен жүргізілген. Оған еліміздің барлық облысынан 814 әйел қатысты. Қатысушылардың жас мөлшері – 18 бен 45 жас аралығы.
Әйелдер денсаулық жағдайын қалай бағалаған?
Зерттеу нәтижесі Қазақстан әйелдерінің жартысынан көбі (54%) денім сау деп есептейтінін көрсеткен. Әйелдердің 39%-і денсаулығында кінәрат барын айтса, 2%-і ауыр дертке шалдыққанын айтқан. Сонымен бірге тұрмыс құрған әйелдерге қарағанда тұрмыс құрмаған әйелдер өз денсаулығына жақсы баға берген.
Гинекологқа көрініп тұру жағы қалай?
Сауалнама қорытындысына сүйенсек, әйелдердің 71%-і ауруханаға бармай, өзін өзі емдейді. Ал сарапшылар дер кезінде диагноз қойылмаған аурулар созылмалы дертке, оның ішінде бедеулік пен онкологиялық ауруларға себеп болуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан олар тәжірибелі дәрігердің бақылауында болыңыздар деп кеңес береді.
«Біздің әйелдердің өзін өзі емдеуді таңдауы – профилактикалық тексерулердің маңызы туралы ақпаратты арттыруға, көмекке мұқтаж болған ең әуелгі кезде маманға баруға және өзіне, денсаулығына қамқорлық жасайтын әдет қалыптастыруға елеулі себеп. Дәл осымен біздің әлеуметтік-ағартушылық жобамыз KWH айналысады», — деді «Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясының бас директоры Ремигиюс Нараускас.
Сауалнамаға қатысқандардың 91%-і профилактика денсаулық үшін ең тиімді күтім деп санайды. Бірақ 54%-і гинекологқа бармайды немесе сирек барады. Олар гинекологқа бармайтынының мынадай себептерін айтқан: «денсаулығыма шағым жоқ», «анализдер қымбат», «уақыт жоқ», «жақсы дәрігерлер жоқ», «қандай да бір ауру анықтала ма деп қорқамын», «дәрігерге жазылу қиын», «ұяламын». Репродуктолог дәрігер Вячеслав Локшиннің айтуынша, профилактика – ауырмайтын жол іздеу.
«Көп аурудың бастапқы кезеңдерде белгілері болмайды. Ал дәрігердің профилактикалық қабылдауы ұзаққа созылмайды және кейбір анализдер әлі де тегін. Қалай болғанда да емдеу әрқашан профилактикадан қымбат! Дәрігерге үнемі қаралу – ысырап емес, болашақта қаржыны да, жүйкені де үнемдеу», – дейді Вячеслав Локшин.
Зерттеу нәтижесіне қарағанда, 18-25 жастағы әйелдер гинекологқа мүлдем бармайды. Вячеслав Локшиннің айтуынша, дәл осы кезеңде олар өз сексуал ерекшелігін таниды және түрлі адаммен тұрақсыз төсек қатынасында болуы да мүмкін.
«Мұндай жастағы қыздар жыныстық өмірге енді бейімделіп жатқандықтан олар қорғалмаған жыныстық қатынасқа жиі түсуі мүмкін. Сондықтан да жас қыздар гинекологқа міндетті түрде қаралып жүруі керек», – дейді Вячеслав Локшин.
Десе де, гинекологқа жылына кемінде бір рет баратын әйелдер саны 2021 жылмен салыстырғанда 14,4% өскен.
Әйелдер контрацепция мен түсік туралы не дейді?
Зерттеу жүкті болған әрбір алтыншы әйелдің түсік тастайтынын және оған не себеп екенін көрсетті. Қазақстандағы әрбір үшінші әйел (34%) контрацепцияның қандай да бір түрін қолданбайды. Респонденттердің 30%-і жүкті болмау үшін мүшеқаппен қорғанады, 19%-і жыныстық қатынасты аяғына жеткізбей, шорт үзуді әдет қылған. Гормонал контрацепцияны сауалнамаға қатысқан әйелдердің 11%-і пайдаланады. Көбіне бұл – 36-45 жас аралығындағы әйелдер, олар 3 жылда бір рет гинекологқа барады. Зерттеу нәтижелері бойынша респонденттердің 32%-і гинекологтан гормонал контрацептивтерді, 17%-і басқа әдістерді қолдану жөнінде ұсыныс алған. Әйелдердің 46%-і контрацепция әдістері туралы ақпарат алу үшін дәрігерге баратынын, ал 48%-і бұл мәселені өз бетінше шешетінін айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 29%-і дәрігерлерден контрацепция әдістері туралы мүлдем сұрап көрмеген.
Шұғыл контрацепция – қорғалмаған жыныстық қатынастан кейін жүктілікті болдырмас үшін қолданылатын қазіргі заманғы әдіс. Сауалнама мұны респонденттердің тек 45%-і білетінін аңғартты. Бұлардың дені – жас әйелдер. 800-ден астам респондентің 20%-і жыныстық қатынас кезінде сақтанбағаны немесе контрацепцияны дұрыс пайдаланбағаны себепті осы әдісті қолдануға мәжбүр болған. Сөйте тұра зерттеу Қазақстан әйелдері түсік жасатқысы келмейтінін де көрсетті – бұған респонденттердің 51%-і қарсы.
«Түсік тастау әйелдердің физиология және психология-эмоция жағдайына кері әсер етеді. Дегенмен елімізде жүктілікті тоқтату деңгейі әлі де жоғары. Жыныстық қатынасты шорт тыю – денсаулығыңызды қорғаудың және жоспарланбаған жүктілікті болдырмаудың өте сенімсіз әдісі. Бұл жыныстық жолмен берілетін ауруларға себеп болуы мүмкін. Ал дұрыс таңдалған контрацептивтер қысқа мерзімді де, ұзақ мерзімді де перспективада зиян тигізбейтінін және олар жүктілікті болдырмаудың мүшеқап қолдануға немесе жыныстық қатынасты үзіп тастағанға қарағанда сенімді әдісі екенін ескеру керек», — дейді акушер-гинеколог Галина Гребенникова.
Сарапшылардың айтуынша, медициналық мекемелер, фармацевтика компаниялары мен басқа да бизнес өкілдері ауруға қарсы алдын ала тексерулер мен контрацепцияның сенімді әдістерін насихаттаса, түсік жасату мен әйелдердің созылмалы ауру түрлеріне қатысты статистика оңалады.
Асылан Маханов