Басты бетЖаңалықтарПрокурор Бақытгүл...

Прокурор Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Бүгін, 31 қазанда Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы қайта жалғасты. Сот отырысында прокуроратура өкілі Лаура Асанова облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан және «Құрмет» орденінен айыруды ұсынды.

Мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Мерзімді өтеу орташа қауіпсіздік мекемесінде анықталсын. Сотталушыда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны үш жылға дейін кейінге қалдыруды сұраймын, — деді Лаура Асанова.

Прокуратура өкілі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевты 7 жылға, пара беру күдігіне ілінген Өміртай Адамовты 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, биылғы 26 мамырда Атыраудың №2 сотына ҚР қылмыстық кодексі 366-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ҚР қылмыстық кодесі 367-бабының 2-бөлігімен «Б» ЖШС директорына қатысты қылмыстық іс түсті.

Бақытгүл Хаменова былтырғы желтоқсанда тергеу изоляторына қамауға алынды. Осыған байланысты тамыз айында облыс әкімінің орынбасары қызметінен босатылды.