Елімізде бір апта ішінде 2 655 қылмыс жасалды

Елімізде өткен апта ішінде 2 655 қылмыс жасалды. Оның ішінде 1 655 қылмыс тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 14 кісі өлтіруді, 2 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру қылмысының бетін ашты. Одан бөлек, тәртіп сақшылары 26 тонау және 377 бөтен мүлікті ұрлағандарды ұстады, — деді Шұғыла Тұрлыбек ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ведомство өкілі тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген азаматтарға SMS хабарлама жіберу жалғасып жатқанын айтты.

Егер сізге SMS хабарлама келсе, онда ішкі істер министрлігі дерекқорында сіздің тіркелуіңіз туралы мәліметтер жоқ деген сөз. Сіз тұрғылықты жеріңізде тіркелуіңіз керек. Мұндай хабарламаларды жіберудің мақсаты — азаматтардың нақты тұратын жері бойынша тіркеусіз тұруына байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, — дейді ол.

Одан бөлек, министрлік өкілі тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген жағдайда айппұлдың барын еске салды.

Бүгінгі күні тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін 10 күннен 1 айға дейін ескерту беріледі. Егер 1 айдан асып кетсе, 7 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) (21 441 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Қазіргі уақытта тұрғылықты жері бойынша тіркелу қызметі «электрон үкімет» порталында, сонымен бірге «Халық банкі» АҚ – «Halyk Homebank» мобайл қосымшасында қолжетімді. Өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңізді eGov mobile мобайл қосымшасы арқылы тексере аласыз, — деді ІІМ өкілі.