Қоғамда «буллинг мектеп оқушылары арасында ғана болады» деген түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде, кез келген жастағы адам үйде, көшеде, жұмыста, оқу орнында, қысқасы, барлық жерде буллингпен ұшырасуы мүмкін.

Буллинг деп көп жағдайда бір адамның бір адамды қорқытып-үркіткенін, қудалауын атайды. Ал құрбанға топ болып әлімжеттік жасауды моббинг дейді.

Буллингтің негізгі төрт түрі бар. Олар: сөзбен қорқыту, күшпен қорқыту, реляцион түрі және кибернетикалық буллинг.

Буллингтің күш көрсету арқылы жүретін түрі адамның тәніне зиянын тигізеді, оның дүние-мүлкіне зардап әкеледі. Мәселен, иықпен қағып өту, ұру, төбелесу осы қатарда. Әдетте буллинг басқалай басталып, ақыр соңында күш көрсетуге алып келеді. Күш көрсету — өлімге апаруы мүмкін өте қауіпті буллинг түрі.

Сөз формасындағы буллингте адам ауызша айқаймен, дауыс көтеру арқылы және күліп, кекетіп-мұқату арқылы зорлық көрсетеді. Құрбанды қорлап, оның намысына тию, сыртынан ол туралы өтірік айту, өсек тарату, дөрекі сөйлеу, жәбірлеу сөз түріндегі буллингке кіреді.

Relational буллингті кейде әлеуметтік агрессия деп те атайды. Бұл – бір адаммен қарым-қатынас құру арқылы оған зиян келтіру, кемсіту. Сондай-ақ реляцион буллинг түсінігін бір адам басқа жанның репутациясына кір келтіргісі келген, оның қоғамдағы беделіне нұқсан келтіруді ойлап жасаған әрекетін сипаттағанда да қолданады. Relational буллинг сырт көзге жақын араласатын адамдар боп көрінетін ортада болуы мүмкін. Сондықтан ол ұзақ уақыт басқа адамдарға байқалмай, бірнеше жылға жалғаса береді.

Қазір қорқытудың кибербуллинг деп аталатын түрі жиі ұшырасады. Мамандар да кибербуллингтің әсіресе пандемия кезінде өршіп тұрғанын айтып жүр. Кибербуллинг — интернет, әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы қоқан-лоқы көрсету. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқыта алады. Кибербуллинг жасаушы ауызша немесе белгілі бір фото, видео жариялап, қорлауы мүмкін. Сонымен қатар құрбанға зиян тигізу мақсатында ойластырылған арнайы тапсырыс аясында кибербуллинг белгілері байқалуы мүмкін.

Буллинг
Иллюстрация: Dribbble.com/©Эндрю Колин Бек

Буллинг бұдан бөлек қандай жерде немесе кімге бағытталғанына байланысты бірнеше типке бөлінеді.

Мүгедектігі бар адамға қарсы буллинг

Мүгедектігі бар немесе аутизммен ауыратын адамдар да буллингке жиі ұшырайды. Мұқатушы мұндай адамды денесіндегі ерекшелігіне бола кемсіте береді.

Жыныс ориентациясына байланысты буллинг

Адамды жыныс ориентациясына байланысты қорлау, жағымсыз сөз айту, ұрып кету де буллингке жатады. Бұл жерде жәбірленуші көбіне топ адамның кемсітуіне ұшырайды.

Заңмен қорқыту

Заңды буллингке адамды бақылауда ұстау немесе жазалау үшін сот құралдарын қолдану кіреді. Қорқытудың мұндай түрін жасайтындар көбіне ұзаққа созылатын сот процестерінің басталуына себеп болады. Осылайша буллинг жасаушы құрбанды өзіне бағынышты қылуға, қорқытып-үркітіп отыруға тырысады.

Әскердегі буллинг

Әскердегі ұру, мұқатып-кекету де буллингке жатады.

Жыныстық буллинг

Буллингтің мұндай түрінде адам өзгені қорқыту үшін оны зорлау арқылы күш көрсетеді.

Ата-ананың баланы қорқытуы

Ата-ана балаға агрессия көрсетсе, оны шектен тыс мұқатып, ұрып-соқса, бұл да буллинг болып есептеледі. Тіпті кей психолог ата-ана баласының өзгені қорқытып жүргенін байқаса, кінәні өзінен, үйден іздеуге кеңес береді. Агрессия көріп өскен бала оны басқаға бағыттауы мүмкін.

Сонымен бірге буллинг адамның араласатын ортасына қарай оқу орнындағы, түрмедегі, мектептегі, медицинадағы қорқыту немесе жұмыстағы кемсіту деп атала береді.

Тағы оқыңыз: Арнайы видеожоба: Мектептегі буллинг