«Ангел» балалар қауіпсіздігі орталығы, Just Support қоры мен «Қадір-қасиет» бірлестігі 2022 жылғы қаңтардан бастап буллингке қарсы қоғамдастық жобасын іске асырып жатыр. Қоғамдастықта балалар қауіпсіздігі бойынша сарапшылар, психологтар, медиаторлар мен жаттықтырушы мамандар қызмет етеді.
Баласы мектепте әлімжеттік көрген ата-ананың бірі Анна Орлова бұл жобаны әлеуметтік желіден білген. Ол білім беру мекемелерінде бұл мәселені шешуге дұрыс көңіл бөлінбейді деп есептейді.
«Менің ұлым – үшінші класс оқушысы. Ол оқу жылының басында жоғарғы класс оқушыларынан буллинг көрді. Бұл жағдай мектеп спортзалында болған. Мектептен келгенде ұлымның көңіл-күйі жоқ екенін байқап, әңгімеге тартқанымда жағдайдан хабардар болдым. Бірден класс жетекшісіне хабарластым. Ол мектепте бұл оқиғаға қатысты тәрбие жұмысы жүргізілгенін, жоғарғы класс оқушыларына жаза қолданылғанын айтты. Алайда кейінірек директормен сөйлесу мақсатында мектепке барғанымда ешқандай шара қолданылмағанын (әлімжеттік жасаушыларға – ред.) түсіндім. Өкінішке қарай, мектепте бұл мәселе лайықты деңгейде шешілмейтініне көзім жетті. Сол себепті болған оқиға туралы әлеуметтік желіде пост жарияладым. Осыдан кейін антибуллинг қоғамдастығы бар екенін біліп, Светланамен байланыс орнаттым», – деді Анна Орлова «Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар» бағдарламасы аясында Еуразия қорының қолдауымен ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында.
Just Support қорының атқарушы директоры Светлана Богатыреваның айтуынша, жыл басынан бері ұйымға 42 өтініш келіп түскен. Ұйым көмегіне жүгіну үшін Instagram-дағы bullingkaz парақшасында электрон өтініш беру жеткілікті. Кейін өтініш беруші тарап пен сарапшы мамандар арасында Zoom платформасында онлайн жиналыс ұйымдастырылады. Мәселенің мән-жайын түсінгеннен соң мамандар тиісті деңгейде көмек береді.
Жоба өкілдері баласы буллингке тап болған ата-ана заңгерлер көмегі қажет жағдайда «Қадір-қасиет» бірлестігіне хабарласа алатынын айтты.
«2022 жылдың көктемінде бірнеше мектепте баланы буллингтен қорғау бойынша пилот жоба әзірленіп, 2022 жылғы қыркүйекте жоба өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда 500 педагог буллингке қарсы күрес бағытында білім жетілдірді», – дейді «Қадір-қасиет» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Бағила Жұбатова.
Құқық қорғаушы, Алматының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлованың пікірінше, мектептердегі буллингті тыю үшін жәбірленуші тараппен ғана жұмыс істемеу керек.
«Көп жағдайда тек буллинг құрбаны болған балаға назар аударылады. Осы тұста буллинг жасаған оқушымен де сөйлескен өте маңызды. Оқушының өмірінде қиын жағдайлар кезігуі немесе үйінде ата-анасынан зорлық-зомбылық көрген болуы мүмкін. Мектеп әкімшілігі баламен дұрыс жұмыс жүргізбей, тек жаза қолданатын болса, бала үйінде ата-анасынан одан сайын жапа шегуі мүмкін. Сол себепті буллинг мәселесінде екі тараппен диалог орнатқан өте маңызды. Мектептің басты міндеті – тек білім беру емес, балалардың бақытты боп өсуіне жағдай жасау да», – дейді заңгер.
Баласын қорғау мақсатында мектеп әкімшілігіне жүгінген ата-ананың өзі де кей жағдайда қысымға ұшырап жатады. Буллингке қарсы жобаны қолға алушылар сол себепті бұл мәселеде ата-анаға бағыт, көмек беретін ұйымдар болғаны маңызды деп отыр.
Айым Еркінбекқызы