Батыс өңірде жалпы ұзындығы 736 шақырым болатын «Ақтөбе — Атырау — Астрахан» автожолы қайта жаңартылып жатыр (жоба 2017 жылы басталды. Ал, «Ақтөбе-Қандыағаш» учаскесі 2021 жылы басталды). Ұзындығы 96 шақырым «Ақтөбе — Қандыағаш» учаскесінің 52 шақырымында бүгінгі күні қозғалыс ашылды. Жылдың соңына дейін 44 шақырымда құрылыс аяқталып, Алға қаласы, Бештамақ ауылы және Қандыағаш қаласын айналып өту жолдарынан өзгесінің барлығында қозғалысты ашамыз. Осы жобаны толық 2023 жылы аяқтаймыз, — деді Өскенбаев.
Оның айтуынша, 339 шақырым болатын «Қандыағаш — Мақат» жобасы бойынша барлық асфальт-бетон жұмыстары аяқталды.
277 шақырымға созылған «Атырау — Астрахан» жобасы бойынша бүгінгі күні 60 шақырымда қозғалыс толық ашылды. Сонымен қатар жылдың соңына қарай Тұщықұдық, Аққыстау және одан әрі Жанбай елді мекендері арқылы тағы 70 шақырымда жаңа төсем бойынша қозғалыс қамтамасыз етіледі. 147 шақырым жолдағы қалған жұмыстар 2023 жылы іске асырылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл 72 шақырымдағы «Подстепное — Федоровка» автожолының екі учаскесін іске асыруды бастадық (2022 жылға 6 миллиард теңге бөлінді). Сонымен бірге осы жылы 218 шақырымға созылатын «Қызылорда — Жезқазған» жолының құрылысы басталды, — деді министр.
Министрдің айтуынша, Батыс Қазақстан облысының жолдарын қалпына келтіруге ерекше назар аударылып отыр.
Жалпы ұзындығы 248 шақырым «Қазталов — Жәнібек — РФ шекарасы» (145 километр) және «Өнеге — Бисен — Сайхин» (103 шақырым) жолдарында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Өткен жылы бұл бағытта 55 шақырым жолдағы қозғалыс ашылды. Биыл тағы 80 шақырым автожол пайдалануға берілмек. Ал 113 шақырым жолдағы қалған құрылыс жұмыстары 2023 жылы жүргізіледі, — деді ведомство басшысы.