Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 96 мың шақырым. Соның ішінде 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдымызға қойған басты мақсаттардың бірі – 2025 жылы республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 100% дейін, ал жергілікті жол желілері бойынша 95% дейін жеткізу, — деді Өскенбаев.
Министр осы орайда көліктік-транзиттік әлеуетті дамыту автомобильдік транзиттік дәліздері арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Бүгінде еліміздегі 8 автомобильдік транзиттік дәліздің жалпы ұзындығы – 13 мың шақырым, — деді министр.
Бірінші дәліз – «Батыс Еуропа — Батыс Қытай», ұзындығы – 2 747 километр. Екінші дәліз – «Алматы — Қарағанды — Астана — Петропавл — Ресей шекарасы Қорғанға дейін», ұзындығы – 1 868 километр. Үшінші дәліз – «Астана — Қостанай — Ресей шекарасы Челябинскке дейін», ұзындығы – 860 шақырым. Төртінші дәліз – «Қытай Халық Республикасының шекарасы — Майқапшағай — Қалбатау — Семей — Павлодар — РФ шекарасы Омскке дейін», ұзындығы – 1 116 километр. Бесінші дәліз – «Алматы — Талдықорған — Өскемен — Шемонаиха — РФ шекарасы Барнаулға дейін». Алтыншы дәліз – «Ақтөбе — Қандыағаш — Мақат — Атырау — РФ шекарасы Астраханға дейін», ұзындығы – 893 шақырым. Жетінші дәліз – «Атырау — Орал — Саратов», ұзындығы – 587 шақырым. Сегізінші дәліз – ТРАСЕКА.