Бұл туралы Ranking.kz сайты хабарлады.
Қазақстанда такси қызметінің құны 1 шақырымға есептегенде 0,32 АҚШ долларын құрады. Қазақстан такси қызметінің арзандығы бойынша 105 елдің ішінде 12-ші орында тұр. ТМД елдерінің арасында Қазақстанға қарағанда такси қызметтері Әзербайжан мен Ресейде қымбатырақ, Беларусь, Өзбекстан, Молдова және Арменияда арзанырақ.
2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда такси қызметін көрсететін компаниялардың табысы 3 миллиард теңгені құрады. Бір жыл бұрын 2,8 миллиард теңге болған еді.
Сектордағы ең жоғары көрсеткіштер Қарағанды облысында (1,3 миллиард теңге) тіркелген. Бір жылда 37,3% артқан. Көшбасшылар үштігіне елорда (728,7 миллион тг, бір жылда 4,4% азайған) және Алматы (499,6 миллион тг, бір жылда 27,1% азайған) кірді. Ең аз табыс Шығыс Қазақстан облысының таксопарктерінде байқалды. Небәрі 0,4 миллион теңге табыс тапқан.
Жыл басынан бері 1,4 миллиард жолаушы такси қызметін пайдаланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,1% көп. Жолаушылар айналымы бір жылда 8,7%, 20,7 миллиард километрге дейін өсті.
2022 жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша такси ақысының құны бір жылда 9% өскен.
Өңірлік бөліністе Жетісу облысының тұрғындары бағаның өсуін қатты сезінген. Мұнда такси қызметінің құны бір жылда 37,7% артқан. Сонымен қатар көшбасшылар үштігінде Алматы және Абай облыстары бар. Онда такси ақысының құны тиісінше 28,1% және 21,2% өскен.