Президенттікке кандидат Қарақат Әбден Конституция және «Қазақстан Республикасының сайлауы туралы» конституциялық заңы жүктейтін талаптарға сай келетіні анықталды, — деді ОСК өкілдері.
Қарақат Әбден 1974 жылы 7 мамырда дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист-маркетолог» мамандығы бойынша бітірген.
⠀
Еңбек жолын Алматыдағы «Орда» жеке коммерциялық фирмасының экономисі ретінде бастаған. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс министрлігінің ірі салық төлеушілер департаментінің жетекші маманы болып жұмыс істеді.
⠀
1999 жылдан 2009 жылға дейін қаржы министрлігінде салық комитетінің салық төлеушілердің мониторингі басқармасы бөлімінің бастығы, салық комитетінің салық апелляциясы басқармасының бас маманы, салық комитетінің № 1 өңіраралық салық комитетінің салық төлеушілермен жұмыс жөніндегі басқармасы бөлімінің бастығы, салық комитетінің өндірістік емес төлемдер басқармасы бөлімінің бастығы, қаржы министрлігі қаржылық бақылау комитетінің №4 бақылау басқармасының бас сарапшысы міндеттерін атқарды.
⠀
2009 жылдан 2013 жылға дейін президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ұлттық мемлекеттік саясат мектебі директорының орынбасары, «Нұр Отан» (қазіргі Amanat) партиясы жоғары партия мектебінің талдау және үйлестіру секторының меңгерушісі, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының инновациялық комитетінің консультанты болып жұмыс істеді.
⠀
2011 жылдан — «Нұр Бөбек» ЖШС құрылтайшы — директоры, 2013 жылдан бастап «Қазақ Қызы» ҚБ төрағасы, Астананың «Асыл бөбек» жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының төрағасы, алтыншы шақырылған Астана мәслихатының депутаты болған.
⠀
Ол төрт баланың анасы, қоғам қайраткері, президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі.
Еске салайық, Қарақат Әбден кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған болатын.