Басты бетЖаңалықтарАлматы жылыту...

Алматы жылыту маусымына дайын

Коммуналдық қызметтер жылыту маусымына дайындықты биылғы мамыр айында бастады, жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілді. 413 білім беру, 129 денсаулық сақтау объектісі және 8 476 тұрғын үй қоры нысаны дайындалды, — делінген қала әкімдігі мәліметінде.

«Алматыжылужайэнерго» ЖШС қазандықтарында көмір мен мазуттың қоры 100% құрайды. Ал «АлЭС» АҚ (ЖЭО-1,2, БЖК) энергия көздерінде көмір қоры – 118% және мазут – 118%.

Сонымен қатар ағымдағы және жоспарлы жұмыстар орындалды, оның ішінде тозуды төмендету мақсатында қолданыстағы желілер реконструкцияланды, — делінген хабарламада.

Ережеге сәйкес, қаланы жылу жүйесіне қосу сыртқы ауа температурасы +8°С және одан төмен болғанда бес тәулік ішінде жүргізіледі.

Бірінші кезекте жылуға денсаулық сақтау, білім беру ғимараттары және өзге де әлеуметтік объектілер қосылатын болады. Кейін жылу көппәтерлі тұрғын үйлерге беріледі.