Жоғары оқу орнының Алматыдағы ашық есік күніне адам көп жиналды. Жоғары класс оқушылары мен олардың ата-аналары және студенттер бар. Соларың бірі Мәйкежан қазір 11-класта оқиды. Назарбаев Университеті туралы алғаш рет кластастарынан естіген. Содан бері оқу орнының жаңалықтарын қарап жүреді екен. Бүгін университеттің ашық есік күніне анасын ерте келіпті. Биология ғылымдары факультетіне оқуға түскісі келеді.

«Өзімнің мамандығыма қатысты бәрін сұрап жатырмын. Анамды ертіп келдім, себебі ол менің қайда оқитынымды білуі керек қой», — дейді 11-класс оқушысы.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Ашық есік күнінде волонтерлар келушілер арасында IT және медицина мамандығына сұраныс жоғары екенін айтты. Оны осы мектептер алдында қаумалап тұрған адамдардың көптігінен де байқауға болады. Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры Майкл Льюис талапкерлердің IT-ға қызығуы бекер емес дейді.

«Бүгін IT мамандығы бойынша сұрастырып келген адам біраз болды. Шамамен 100 шақты талапкер біздің мектептің столына келіп, ақпарат алды. Оның себебі қазір бұл мамандық өте жоғары сұранысқа ие болуымен байланысты деп ойлаймын. Ең қызық әрі таңғалдырған нәрсе – бүгін факультетпен танысуға келгендер IT-дан біраз хабары бар адамдар болып шықты. Олардың сұрағына қарасақ, талапкерлер IT мамандығын игеруге дайын деуге болады», — дейді профессор.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Дегенмен профессор Майкл Льюис ІТ мамандығына түсу үшін талапкердің жақсы студент болуға ынтасы керек екенін айтты. Дәлірек айтсақ, талапкердің жақсы академиялық жетістіктері және ағылшын тілін жақсы меңгергені қажет.

«Ал компьютер ғылымдары жөнінен хабардар болуы немесе осы саладан бастапқы білімінің болуы қажеті жоқ. Егер талапкердің осы салаға қызығушылығы және оқуға деген ерік-жігері мен ынтасы болса, оны әрі қарай өзіміз оқытамыз. Ең бастысы — біздің мамандықты бітірген түлектер еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Сонымен қатар олардың магистратура мен докторантураға оқуға түсіп, әрі қарай жалғастыруына мүмкіндігі жоғары. Себебі біз өте сапалы білім бере аламыз. Оқу бағдарламасы әлем университеттерінің деңгейімен теңестірілген», — деп аяқтады сөзін профессор.

Қазір Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінде жалпы 2,5 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Оның ішінде ең көп студент computer science мамандығын таңдаған.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Ашық есік күнінде талапкерлер қызығушылық танытқан мамандықтың бірі – медицина. Оқу орнының Медицина мектебінде дәрігерлер мен медицина саласының зерттеушілерін дайындайды. Медицина — Назарбаев Университетінің денсаулық сақтаудың әлемдік жүйесіне теңестірілген, медицина клиникасы және биомедицина ғалымдарымен бірлесе отырып, АҚШ үлгісіндегі оқу бағдарламасына сай етіп, бағдарламасын ағылшын тілінде ұсынған алғашқы мектеп.

Студенттерді оқуға тартуды басқару офисінің басшысы Нұрхан Омарбековтың айтуынша, Назарбаев Университеті күні тек Алматыда емес, жылда басқа өңірлер мен қалаларда ұйымдастырылады.

«Алматыға Назарбаев Университеті күнін өткізу үшін келдік. Бүгін студенттермен, ата-аналармен және талапкерлермен жұмыс істейтін департаменттер, оқу орнының барлық мектептері мен факультеттері өзін таныстырып жатыр. Бүгін біз университет атқаратын қызметтер туралы егжей-тегжейлі айтамыз», — деді Нұрхан Омарбеков.

Ең маңыздысы ашық есік күнінде Алматы тұрғындары мен қонақтарына Назарбаев Университетіне қалай түсуге болатыны туралы кеңестер берілді. Оқу орнының мектептері әсіресе магистратура және докторантурада зерттеумен айналысу мүмкіндіктеріне ерекше тоқталды. Нұрхан Омарбековтың айтуынша НУ зерттеу университеттер қатарына жататындықтан, оқу орнында зерттеу жасауға басымдық беріледі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Жоғары оқу орнының тағы бір ерекшелігі — университетте оқитын студенттердің 98%-ы грантта оқиды. Мұнда мемлекеттік грант, шетел азаматтары үшін Абай атындағы грант бар, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы грант бар. Сонымен қатар Жоғары бизнес мектебі студенттері үшін Ұлттық банк атынан берілетін грант бар.

«Ақылы түрде оқитын студенттер бар. Бірақ айта кететін нәрсе – ақылы оқуға түсу де меритократия принципімен жүзеге асады, яғни ақылы түрде оқуға қабылданудың өзі оңай емес, адамның біліміне баса мән беріледі. Себебі біз үшін репутациямыз маңызды. Университетте білім беру сапасы жақсы әрі мұнда оқу оңай емес. Сондықтан бізге де студенттердің жақсы оқып, мықты маман болып, өмірден өз орнын тапқаны маңызды. Себебі біздің түлектер еңбек нарығында, ғылымда және бизнесте өзі оқыған оқу орнын танытуға, оның дәрежесі биік болуына тікелей септігін тигізеді, — деді Студенттерді оқуға тартуды басқару офисінің басшысы.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Сонымен қатар университет қызметкері «Назарбаев Университетіне тек дарын, лицей немесе басқа да ерекшелігі бар мектептердің оқушылары ғана оқуға түседі» деген түсініктің шындыққа ұласпайтынын айтты. Студенттер арасында кәдімгі орта мектеп бітіргендердің де саны аз емес.

«Бұл туралы бәрі біле бермейді. Осындай ашық есік күндері еліміздің басқа да өңірлерінде, облыстарда, қалаларда жылда өткізіледі. Біз университет туралы барынша толық ақпарат береміз. Мектептерге барып, оқушылармен кездесеміз. Бізде шалғай ауылдардан шыққан талапкерлер де оқиды», — деді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Назарбаев Университеті ашылған кезден бастап өзге университеттерге тәжірибе бөлісу жағы қамтылған. Мақсат – өзге оқу орындарына тәжірибе бөлісу, сол арқылы елдегі оқу орындарының сапасын көтеру әрі олардың арасында өзара бәсекелесе алатындай орта қалыптастыру. Бұл — жоғары оқу орнының тағы бір ерекшелігі.

«Біз ғана емес, басқа жоғару оқу орындары да бізбен тәжірибесін бөлісіп, сол арқылы бәсекелес болуды мақсат етеміз. Сонымен қатар университетте Жоғары білім беру мектебі бар. Ол білім саласының қызметкерлерін, мұғалімдер мен басшыларды оқытып, олардың біліктілігін арттыруға көмектеседі», — деді Нұрхан Омарбеков.

Назарбаев Университеті үшін академиялық адалдық принципі басты орында. Назарбаев Универистеті жоғары білім беру мектебінің профессоры Дүйшон Шаматов қазіргі заманда әлемдік деңгейде бұл түсінік өте қажет дейді. Оның сөзінше, студенттер оқу орнына қабылданған бетте оларға академиялық адалдық ережесі түсіндіріледі. Академиялық адалдық принциптері университетке қабылданған сәттен бастап оны аяқтағанға дейін сақталуға тиіс. Тіпті студенттің өзін ұстау кодексі әрқайсының қолына беріледі. Оның ішінде адалдық принципіне қандай әрекеттер жатпайтыны, оны бұзған жағдайда қандай шара қолданылатыны туралы жазылған.

«Оқу кезінде көшіру, ұрлау, плагиат жасау қате екенін үнемі айтып отырамыз. Дәл осындай талап мұғалімдер мен университет қызметкерлеріне де қойылады. Егер қандай да бір мұғалім академиялық адалдық қағидасын бұзса, арнайы комитетке шақырылып, шара қолданылады. Қағидаға назар аудармаған қызметкерді жұмыстан шығарып жіберуі де мүмкін. Әуел бастан балды да, дипломды да сатып алатын маманды дайындап шығарсақ, ол елдің дамуына қандай көмек береді? Өз саласында қандай қызметкер болады? Біз өз еңбегімен, өз білімімен жетістікке жететін және еңбекте адал болатын адамды дайындап шығарғымыз келеді», — деп түйіндеді сөзін Дүйшон Шаматов.

Назарбаев Университетіне қалай түсуге болатыны туралы оқу орнының сайтынан егжей-тегжейлі білуге болады.