Басты бетЖаңалықтарСауранда жаңа...

Сауранда жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясында салынып жатқан білім ордасы Шорнақ ауылдық округі, Қосмезгіл елді мекенінде бой көтерген. Бұған дейін бір ғана мектеп бүкіл ауыл балаларын оқытуға мәжбүр болып келсе, енді 400 бала аталған жаңа мектепте білім алады. Елді мекеннің жалпы халық саны – 5600-ден астам.

Нысанның құрылыс барысымен танысу мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партия фракциясының мүшесі Дархан Мыңбай арнайы жұмыс сапарымен келді. Онда депутат құрылысқа жауапты тұлғалармен кездесіп, мән-жайға қанық болды. Жиынға облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат депутаты Кеңес Әуен және аудан әкімі Ғани Рысбеков қатысты.

Мектептің құрылысы 2020 жылы қараша айында басталған. Жалпы аумағы – 8094, 42 шаршы метрді құрайды. Құрылысты жүргізуге 1186.0 млн теңге қаржы қаралған. Мердігер мекеме — «AZIA RC» ЖШС-і, ал техникалық қадағалауға «Эко Техно Инжиниринг» ЖШС-і бекітілген. Жауаптылардың айтуынша білім ұясының құрылыс жұмыстарын қазан айында толық аяқтау жоспарланып отыр.

«Жаңадан құрылған ауданда бой көтерген білім нысанының құрылысымен таныстық. Мектептерді салу барысында халықтың пікірімен санасып, бала санына баса мән берген жөн. Мына мектепте бұрын-соңды мектептерде болмаған жеделсаты орнатылады екен. Меніңше ауылдық жерде балаларды осындай жағдаймен қамту құптарлық іс. Жауапты азаматтар бір мәселені атап өтті. Ол – спорт залы мен акт залының бірігіп кетуі. Мұны жобалаушылар мен құрылысшыларға қайта қарауларын ұсындым» – деді Дархан Қамзабекұлы.

Халық қалаулысының айтуынша, мектеп салу мәселесінде жауапты министрліктер ел бойынша тек бір қаулымен жұмыс жүргізбей, өңірлердің ерекшеліктері, бала саны және халықтың талап-тілегіне назар аударса, туындайтын кедергілер мен кемшіліктердің орны толтырылады. Елді мекенде осындай мәселенің түйіні шешілгеніне қуанған ауыл тұрғыны өз пікірімен бөлісті.

«Қазіргі пайдаланудағы Қызыләскер мектебіне шамамен 200-ге жуық бала күнделікті қатынап оқиды. Осы ауылдан 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан. Кейбірі жаяу барса, біреулері көлік жалдайды. Өзімнің 6 балам бар. Оның 4-еуі мектеп оқушысы. Автобус мәселесін көтергенбіз. Жаңа мектеп салынуына байланысты қарастырылмады. Мына Қосмезгілдегі жаңа мектептің салынуы қажеттіліктен туындады. Бірнеше рет ұсыныс жолдаған едік. Өтініш-тілегіміз орындалып, құрылысы да аяқталып қалды. Жаңа мектептің салынуына атсалысқан азаматтарға ата-аналар мен ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамын. Осында білімді ұрпақтар тәрбиеленіп шығатынына сенемін», – дейді ауыл тұрғыны А.Исабеков.

Мәжілісмен ауданға сапары барысында Оранғай ауылдық округінде бой көтеріп жатқан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 200 орынды оңалту орталығы және Бабайқорған елді мекеніндегі спорт залының құрылыс алаңына да атбасын бұрып, зерделеу жүргізді. Аталған нысандарды 2022-2023 жылдары қолданысқа беру жоспарлануда. Оңалту орталығына 2,9 млрд. теңге бөлінсе, спорттық нысанға 194,6 млрд. теңге қаржы қарастырылған.

Айта кетейік, халық қалаулылары Д.Мыңбай, Қ.Ержан, Қ.Абасовтың Түркістан облысындағы жұмыс сапары 16 тамыз күні басталған болатын. Ауыл-аймақты аралаған олар жергілікті тұрғындар, түрлі сала өкілдері, шаруалар және жастармен жиын өткізіп, түйткілді мәселелерді талқылады. Фракция мүшелерінің түркістандықтармен кездесулері 26 тамызда аяқталады.