Ауыл шаруашылығы министрі батысқазақстандық шаруалармен кездесті

Ведомство басшысы қаражат бойынша субсидиялаудың барлық бағыттары сақталатынын түсіндірді. Бұлар инвестсубсидиялау, несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сақтандыру жарналарын субсидиялау, сондай-ақ қарыздарды кепілдендіруді сақтандыру. Дегенмен оларға бірқатар өзгертулер де енгізіледі.

«Мал шаруашылығы бойынша субсидиялаудың 5 түрін алып тастау және селекциялық-асыл тұқымды жұмысты қаржыландыруды ғана қалдыру ұсынылады», — деді министр.

Фермерлер өз кезегінде жыл сайын өнімдерін өткізу көлемін кемінде 3%-ке ұлғайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға, өнімді форвардтық келісімшарт бойынша тұрақтандыру қорларына жеткізуге, өндіріске кемінде 5 жылда бір рет инвестиция салуға тиіс.

Кездесуде мал экспорты туралы мәселе де көтерілді. Министр өңірдің сүт-тауар фермаларын дамыту бойынша зор әлеуетін атап өтті. БҚО-да оны кеңейту мүмкіндігі бар. Өйткені, жақсы жемшөп базасы жетклікті, яғни облыс өзін сүтпен толық қамтамасыз ете алады. Министрлік жергілікті фермерлерге жаңбырлатып суару жүйесін енгізуге жәрдемдеседі.

Ербол Қарашөкеев биыл ауыл шаруашылығын қолдауға қосымша қаражат бөлінгенін айтты. Субсидиялаудың жалпы көлемі 451 млрд. теңгені құрайды, «Кең дала» бағдарламасы бойынша қаржыландыру екі есеге артып 140 млрд. теңгені құрады, сондай-ақ форвардтық сатып алуға бөлінген сома өткен жылмен салыстырғанда екң есеге өсіп, 80 млрд. теңгеге жетті. Кредиттер мен лизинг бойынша фермерлер үшін небәрі 6% мөлшерлеме көзделген, қалғанын мемлекет өтейді.

БҚО-да ауыл шаруашылық саласында 2026 жылға дейін құны 110,6 миллиард теңге болатын 44 жаңа инвестициялық жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл 1300-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашады.

Өңірге сапары аясында министр бірнеше шаруашылықта болып, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне барды.