«Ресей азаматтары бейрезидент ЖСН-ін алу үшін ХҚКО-ларға жаппай өтінім беріп жатыр. Нәтижесінде жүктеменің артуы байқалады. Қазақстанда уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН қалыптастыру қызметі «Азаматтарға арналған үкімет» және шетелдік мекемелер арқылы көрсетіледі», — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.
Қазақстанда ЖСН бір жұмыс күні ішінде дайындалады. ЖСН алу үшін бейрезиденттің төлқұжаты, көрсетілетін қызметті алушының өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат қажет.
«Қазіргі уақытта ЖСН алу үшін ресейліктер ағыны Астана, Алматы және шекаралас қалаларда көп байқалады. Кеше ғана еліміз бойынша 13 мыңнан аса өтінім қабылданды. Шамамен осындай мөлшер бір ай бойы қабылданатын еді», — деді ол.