Қазақ тілін оқытуға арналған мобильді қосымша іске қосылады — Ерлан Сағадиев

 «Назар аударуды қажет ететін проблемалардың бірі – орыс мектептерінде оқып, қазақ тілінде сөйлемейтін балалар. Бұл мектептер үшін жаңа ғылыми негізде әзірленген деңгейлік коммуникативтік әдістеме дайын. Биылғы оқу жылынан бастап біз оны жекелеген мектептерде пилоттық режимде енгізуді бастаймыз», — деді Ерлан Сағадиев.

Министрдің айтуынша, егер пилоттық жоба сәтті өтсе, 2018 жылы бұл әдістемені барлық мектептерде енгізуге болады.

«Қазақстанның орыс тілінде оқытатын мектептерінде сөздік минимумдары енгізіліп жатыр. Енді, ең бастысы, баланың қазақ тілінде жылдам сөйлей бастауы қажет. Қосымша қазақ тілін оқуға арналған Soyle.kz мобильді қосымшасы әзірленді. Оны жүктеп алуға болады», — деп қосты Ерлан Сағадиев.

Министр еліміздің барлық мектептерінде ағылшын тілін оқыту туралы да айтып өтті. Биыл 12 мыңнан астам пән мұғалімдерінің мектептен тыс тілдік курстардан өтуі басталады.

ДереккөзKhabar.kz