Басты бетҚоғамӘсел Айтбаеваның...

Әсел Айтбаеваның ісі бойынша үкім өзгеріссіз қалды

2022  жылы 2 тамызда Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мұрат Мейірбековты Қылмыстық кодекстің «зорлау» және «адам саудасы» бабы бойынша айыпты деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырған. Сотталушы жазасын қауіптілігі жоғары колонияда өтеп, жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттелді.

«Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысымен Мейірбековтың тағылған айып бойынша кінәсі дәлелденуіне байланысты бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалды. Үкім заңды күшіне енді», — деді соттың баспасөз қызметі.

Мұрат Мейірбеков Әсел Айтпаеваға Грузиядан жұмыс ұсынып, оның Қазақстаннан ұшып кетуіне көмектескен.

2021 жылы 5 мамырда Тбилисидегі көпқабатты үйден қазақстандық Әсел Айтбаеваның денесі табылған. Грузиялық полиция өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу нұсқасы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Күдікті Грузия азаматы Бесик Тордуа ұсталып, оған Әселді зорлады деген айып тағылды. Тордуа сот үкімі шыққанға дейін қамауға алынып, көп ұзамай қайтыс болған.

2021 жылы 16 мамырда Айтбаеваның өлімі бойынша Астанада қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлімі (адам зорлау) және 2-тармақ 4-бөлім 128-бабы (адам саудасы) бойынша Мұрат Мейірбеков ұсталды.