Концертке дейін…

Киім-кешек

Әдетте клуб, арена, стадион, ашық аспан асты сияқты локацияда өтетін концерт, фестивальдерге көп адам жиналады. Мұндай жерге адам ең әуелі ыңғайлы киініп барғаны жөн. Ыңғайлы киім адамға емін-еркін ойнап-күлуге, билеуге, кештің атмосферасына толық енуге көмектеседі. Мысалы, биік өкше орнына ыңғайлы спорттық аяқ киім киіңіз. Концерт далада өтсе, алдын ала ауа райын қарап шығыңыз. Күн сууы немесе жаңбыр жаууы мүмкін жағдайда қолшатыр немесе жылы киім алған дұрыс.

Сонымен бірге көп артық зат алмауға тырысқаныңыз жөн. Алған заттарды жинақтап, белге байлайтын немесе желкеге асатын сөмкеге салу керек. Себебі, біріншіден, көп адам жиналған орын —  ұрылар үшін қолайлы жер. Сөмкеңіздегі банк картасы, ақша және тағы басқа құнды заттарды жоғалтып алмауды ойласаңыз, мықтап ұстауға болатын сөмкені таңдаңыз.

Ең қажет заттар

Концерт кезінде сізге телефон, қуаттағыш, қолма-қол ақша, банк картасы және төлқұжат қажет болуы мүмкін. Созылмалы ауруларыңыз болса, өзіңізбен бірге анықтама немесе дәрі-дәрмек рецептін алып жүріңіз. Бұл шұғыл жағдайда сізге кез келген бөтен адамның көмектесе алуына мүмкіндік береді.

Тамақ және су

Мұндай кеш кезінде адам көп энергия жұмсайды. Оның үстіне, орын, оттегі аз жерде күш-қуат та тез кетеді. Кейбірі қарны ашқаннан немесе шөлдегеннен әлсіреп, есінен талып қалып жатады. Сол себепті концерт, фестивальге бармас бұрын тамақтанып алғаныңыз жөн. Қарны тоқ адамның кешті алаңсыз тамашалайтыны сөзсіз. Дегенмен бөтелкемен су алу да артық етпейді.

Телефон нөмір

Кем дегенде бір жақын адамыңыздың нөмірін жаттап алыңыз немесе бір жерге түртіп жазып алыңыз. Себебі концерт кезінде түрлі жағдай болады. Смартфоныңыз өшіп қалуы, адам лық толы жерде бірге жүрген достарыңызды жоғалтып алуыңыз ықтимал. Осындай жағдайда хабарласуға мүмкіндігіңіз болуы қажет.

Локацияны зерттеу

Концерт, кеш, фестиваль өтетін мекенжай, яғни локациямен танысып алыңыз. Бұл қандай алаң, қаншалықты үлкен, апаттық шығу есіктері қайда, күзет, жедел жәрдем, полиция қай жерде тұр — барлығын біліп алыңыз.

Концерт кезінде…

Қауіпсіз орын таңдау

Концерт кезінде алаңның, көп адамның қақ ортасына кірмеуге кеңес береміз. Әрине, сахнаны, ондағы артистерді жақыннан тамашалағыңыз келетін шығар, бірақ жиналғандар сізді итеруі, қысып жіберуі мүмкін екенін де ұмытпаңыз. Мұндай кезде ауа жетпей, дем алуға қиналуыңыз ықтимал. Бұған қоса, өзіңізді жайсыз сезінген жағдайда көпшілік арасынан шығу да қиынға соғады. Сондықтан ең дұрысы — концертті шет жақтан тамашалау.

Слэмнан аулақ болу

Слэм — үлкен концерт кезінде адамдардың бірін-бірі итеруі, соқтығысуы, секіруі, қолын сермеуі, белгілі бір дөңгелек құруы. Әрине, мұның бәрі қызық, бірақ оған физикалық күш керек. Сондай слэм үймесіне тап болсаңыз, аяғыңызда тік тұруға, денеңізді жарақаттап алмауға тырысыңыз.

Көмек сұрау және көмектесу

Өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, бейтаныс болса да, қасыңызда тұрған адамға айтудан тартынбаңыз. Есіңізден танып бара жатқаныңызды сезсеңіз, сізге басқалар көмектесуі үшін назарды өзіңізге аударыңыз. Дәл осылайша, сіз де өзгелерге мән беруді ұмытпаңыз. Біреуге сіздің жәрдеміңіз керек болуы да мүмкін.

Баламен барсаңыз…

Балаға ерекше түсті киім кигізу

Көп адам жиналатын концерттерде ата-ана баласын жоғалтып алып жатады. Осындай кезде оларға алдын ала қарастырылған бірнеше шара көмектеседі. Соның біріншісі — балаға ерекше түстегі киім кигізу. Баланың киімі неғұрлым айрықша, көзге түссе, соғұрлым жақсы. Кездейсоқ балаңыздан көз жазып қалсаңыз, бойы кішкентай болғандықтан жақын жерде тұрса да, көпшілік арасынан көрмей, таппай қалуыңыз мүмкін. Ал ерекше түстегі киімді табу оңайырақ болады әрі оны басқалар да тез байқайды.

Сыртқа шықпас бұрын баланы суретке түсіру

Баласын жоғалтып алған кез келген ата-ана уайымға салынып, күйзеліске түсуі мүмкін. Сол сәтте олар баласы не кигенін, қолында не бар екенін ұмытып қалуы ықтимал. Осындай уақытта бұл фото ата-ананың өзіне және полицияға, құтқарушыларға және волонтерларға іздестіру жұмысын жүргізуге көмектеседі.

Кездесу орнын алдын ала белгілеу

Жалпы әртүрлі жағдайға дайын болған дұрыс. Мәселен, концертке бармас бұрын адасып, балаңызбен бір-біріңізді таппай қалған жағдайда оғар белгілі бір жерге барып, күтуі керектігі жөнінде келісіп алыңыз. Ол локация балаға түсінікті, тез таба алғаны жөн. Мысалы, концерт өтіп жатқан алаң жанындағы фонтан немесе ескерткіш жанын кездесу орны ретінде белгілеуге болады. Ал бұл әдіс балаңызға қиын деп ойласаңыз, онда сол тұрған жерінде сізді күтуін сұраңыз.

Баланың маңызды ақпараттарды жатқа білуін қадағалау

Бала қорыққан кезде ата-анасы мен туыстарының ғана емес, өз атын да ұмытып қалуы әбден мүмкін. Сол себепті балаға оның ата-анасының аты-жөнін, телефон нөмірін және тағы басқа маңызды ақпараттарды қағазға жазып, оның қалтасына салып қойғаныңыз абзал.