Алматы көшелеріне тағы 7 мың камера орнатылады

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Асқар Амрин айтты.

Биыл «Алматының ерекше мәртебесі туралы» заңды іске асыру үшін жеке бейнебақылау жүйелерін бірыңғай диспетчерлік пунктке интеграциялау қағидалары қабылданатын болады. Әрине, иесінің келісімімен. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін бейнеталдаудың «ақылды» жүйелерінің барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бейнебақылаумен қамтылмаған объектілерде 7 000 бейнебақылау камерасы орнатылады, — деді Асқар Амрин.

Оның айтуынша, Алматыда құқық бұзушылықтардың үштен бірі қоғамдық орындар мен көшелерде жасалады.

2024 жылға дейін адамдар көп жиналатын жерлерде «SOS дабыл түймесі» шұғыл аудио және бейне шақыру жүйесі орнатылатын болады. Жалпы, 2030 жылға дейін көшелер, жолдар мен аулалар жаңа жарықтандыру желілерін салу, жарық нүктелерін орнату және тозған шамдарды жаңа LED шамдарға ауыстыру арқылы сапалы жарықпен толық қамтамасыз етіледі, — деді ол.

Сонымен қатар ол Алматының барлық аудандарында 2023 жылы «полицияның сервистік орталықтарының» алғашқы 8 пункті ашылатынын атап өтті.

Орталықтарда тек полицейлер ғана емес, оларда психологтар, медиаторлар кабинеттері, балалар бөлмелері және тағы басқасы болады. Қысқа әңгімелер арқылы жүзеге асырылатын орталықтардағы полициямен оң байланыс тұрғындардың полицияға деген көзқарасын, соның ішінде құқықтық тәртіпті сақтауға және ынтымақтастыққа дайындығын едәуір жақсартады, — дейді ол.

Ал, 2030 жылға қарай 30 учаскелік полиция пунктін ашу жоспарда тұр.

Осылайша, аталған шаралардың арқасында қылмыс санын 2025 жылы 10 мың тұрғынға шаққанда 165-ке дейін және 2030 жылға қарай 10 мың тұрғынға шаққанда 150-ге дейін азайтуға болады. Халықтың полиция органдарына деген сенім деңгейін 2025 жылы 50% дейін, 2030 жылы 80% дейін арттыру көзделген. Жеке, мүліктік және қоғамдық қауіпсіздік сезімін арттыру 2025 жылы 80%, 2030 жылы 88% жететін болады,- деп толықтырды спикер.