Департамент мәліметінше, Катонқарағай ауданы Алтынбел ауылынан 12 шақырым жерде шыққан өрттің таралуы 10 қыркүйек күні сағат 09:00-де тоқтатылды. Қызыл жалын шарпыған аумақ 1 900 гектарды құрады.
Күршім ауданында «Марқакөл» орман шаруашылығы, «Бобровка» орманшылығы және Төсқайың ауылдық округінің аумағына жайылған өрт 11 қыркүйекте сағат 17:00-де оқшауландырылды. Отпен күреске құтқарушылар, орманшылар, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен полиция қызметкерлерінің қатарынан 255 адам мен 29 техника жұмылдырылды. Өрт ауданы – 1 800 гектар, — делінген ақпаратта.
Бұдан бөлек, Құйған ауылдық округінің аумағындағы жалын 12 қыркүйекте сағат 06:40-та оқшауландырылды. Алдын ала дерек бойынша, от 2 000 гектар аумаққа жайылды.
Ал Алтай ауданындағы бұта мен шөпті шарпыған өрттің беті әлі қайтпады. Өрт 2 400 гектарға тарады. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Сол жерде 207 адам мен 29 техника жұмыс істеп жатыр. Әуеден 145 рет су төгілді, — делінген хабарламада.