Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты.
Жыл басынан бері несие портфелі 6,7% өсіп, 21,5 триллион теңге болды. Яғни, банктер активінің 54% құрап отыр. Ерекше атап өтуге тұрарлық мәлімет ретінде жыл басынан бері несиенің барлық түрінде өсім бар екенін айтуға болады. Заңды тұлғаларға берілген несиенің көлемі 2,9% өсіп, 8 триллион теңгеге жетті. Шағын және орта бизнеске берілген несие көлемі 3,6% өсіп, 5,7 триллион теңге болды. Жеке тұлғаларға берілген несиелердің көлемі 15,3% артып, 12,4 триллион теңгеге жетті. Тұтыну борышының портфелі 6,9 триллион теңге болып, жыл басынан бері 11,9% өсті, — деді агенттік өкілі.
Оның айтуынша, дәл қазір қазақстандық банктердің несие портфелінің өтімділігі жоғары. Себебі жұмыс істемей тұрған несиенің көлемі барынша қысқарған.
Қазір төлемі 90 күннен артық кешіктірілген несиелердің деңгейі тарихи мәнде ең төменгі мөлшерге жетіп отыр. Қазір ол банк секторындағы бүкіл несие портфелінің 3,8% құрайды, — деді Олжас Қизатов.