Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ — ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

Қашан, қайда, қалай оқыдым?

Бектұр Бақытбек, жас ғалым
Бектұр Бақытбек, жас ғалым ©SZH.kz

1989 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында дүниеге келгенмін. Алғашында Таутүрген ауылында білім алдым. Кейін Алматы қаласына ауыстым. 2006 жылы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің тау-кен ісі мамандығына оқуға түстім. Магистратураны да осы оқу орнынан бітірдім. АҚШ-тың Мичиган қаласынан тәжірибеден өттім. Магистратураны аяқтаған соң Евразиялық жобалау компаниясында жұмыс істедім. Жобаны аяқтаған соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті зерттеу орталығы бағдарлама және аспап жасаушы маман ретінде шақырды. Осында жұмыс істеп жүріп, докторантураға тапсырдым. Биыл диссертациямды қорғаймын.

«Әскери маман бола алмай «тау кезіп кеттім»

Бала күнімнен әскери маман болуды армандадым. Спорт жағынан жаман емес едім. Алайда мектеп бітіретін жылы қолымды сындырып алып, денсаулығыма байланысты емтихандардан қалып қойдым. Алғашында арманыма жете алмағаным үшін қатты өкіндім. Алланың жазуымен тау-кен ісіне грантқа түстім. Ата-анама жүк салмау үшін «тау кезіп, кен іздейтін» мамандыққа көндіктім. Бірақ уақыт өте келе қызығушылығым оянып, зерттеу жұмыстарына араласа бастадым.

«70 жылға жарамды полимер жасаудамын»

Бектұр Бақытбек, жас ғалым
Бектұр Бақытбек, жас ғалым ©SZH.kz
Бектұр Бақытбек, жас ғалым
Бектұр Бақытбек, жас ғалым ©SZH.kz

Негізгі жобам бойынша 2014 жылдан бері айналысып келемін. Көпшілік менің нені зерттеп, не жаңалық жасағалы жүргенімді білмейді. Жақындарымның өзі: «Не зерттеп жүрсің?» деп сұрап жатады. Зерттеп жатқан аймағым — жер асты шахтасының құрылысы. Ақтөбе облысы, Хромтау қаласында орналасқан Дон кен орны — зерттеу жұмысымның басты объектісі.

Бектұр Бақытбек, жас ғалым
Бектұр Бақытбек, жас ғалым ©SZH.kz

Жер қыртысының көптеген қабаттардан тұратыны белгілі. Шахта тереңдеген сайын қара топырақ, сары топырақ, борпылдақ жер қабаты, су қабаты дегендер болады. Қазіргі шахталарда жер қыртысы мен шахта фундаменті саналатын бетондардың арасында су көп болып жатыр. Бұл бетонның беріктігіне зиян келтіреді. Осының алдын алу үшін екеуінің ортасына ұзақ уақытқа шыдамды тік оқпан жасап жатырмын. Полиэтилен пакеттердің ұзақ уақыт бойы шірімейтінін, су өткізбейтінін есепке ала отырып, полимердің жаңа, берік нұсқасын жасаудамын. Осы арқылы су келімін 100 пайызға болмаса да, 40 пайызға тоқтата аламыз. Менің зерттеуім бойынша бұл полимер 2087 жылға дейін шыдауы керек. Бұл экономикалық тұрғыдан аса ұтымды.

Тау-кен өндірісі, шахта
Тау-кен өндірісіндегі шахта ©SZH.kz

Техника ғылымдарының докторы, Бақытбектің Ғылыми жетекшісі Бегалинов Әбдірахман Бегалыұлы: «Ғылымды классикалық тұрғыдан қарастырған дұрыс емес. Мысалы, Бақытбектің жасап жатқан жобасы — инженерлік жұмыс болып табылады. Ғылымның басты міндеті — мәселені шешу. Өндіріске қажетті, жұмыс барысын оңтайландыратын кез-келген жаңалық — ғылым үшін үлкен жетістік. Қазір Тау-кен өндірісі өтпелі кезеңде тұр. Өндірістің бұл саласы жер талғамайды. Шикізат көзі қайда болса, өндіріс сонда. Сондықтан осы салада жүрген жас ғалымдардың басқа жаққа бет бұрып кетуі жиі кездеседі. қазіргі жастарға костюм киіп, қалада отырған маңызды. Ал біздің ғылым жоғарыда отыратын бастықтарға емес, жан-тәнімен беріліп, жер астында жүретін ғалымдарға зәру.»

Техника ғылымдарының докторы Әбдірахман Бегалыұлы
Техника ғылымдарының докторы Әбдірахман Бегалыұлы ©SZH.kz

«Сен өндіріс үшін жұмыс жасасаң — ақша сен үшін жұмыс жасайды»

Қазіргі жастар жалақыға қызығады. ҚазҰТЗУ (политех) шәкірттері жас болған соң, «Ағай, өндірісте жұмыс жасап көрдіңіз бе? Ақшасы қанша? Бастық болу үшін не істеу керек?» дейтін сұрақтарды жиі қояды. Ғылым деген ұзақ пісетін жеміс секілді. Ұзақ піседі, бірақ жемісті болады. Ал тез пісетін жемістердің дәмі ғылымның жетістігіндей болмайды. Сондықтан, өз жұмысыңның рахатын көру үшін көп еңбектену қажет.

«Қиял жетегіндегі ғалымды етегінен тартпау керек»

Бектұр Бақытбек, жас ғалым
Бектұр Бақытбек, жас ғалым ©SZH.kz

Ғалым белгілі бір уақытта қиялдау керек. Қиялдың жасай алмайтын жұмысы жоқ. Қазіргі қоғам ғалымдардың қиялына шек қояды. Жаһандық жаңалықтардың жүзеге аспай жатқаны сондықтан. Енді қиял қанатымен ұша бастағанда, күйбең тіршілік етегіңнен тартып төменге түсіріп алады. Бір нәрсені ойлап табу үшін бірінші армандау керек қой. Ұшақ та, көлік те армандаудан пайда болған жоқ па? Арманның бағыты дұрыс болса, еңбектің нәтижесі жемісті болады. Мен бекітпені басқа материалдан ойлап тапсам деген арманның бағытында ұзақ уақыт бойы жұмыс жасадым.

«Бақытымды ғылымнан таптым»

Бектұр Бақытбек, жас ғалым
Бектұр Бақытбек, жас ғалым ©SZH.kz

Өзімнің жарымды ғылым жолында кездестірдім. Әйелім екеуміз магистратурада диссертациямызды бірге қорғадық. Қазір екі балам бар. Жұбайым да осы тау-кен саласының маманы болғандықтан, менің идеяларымды қуаттап, қолдау білдіріп отырады, қолынан келсе ақыл-кеңесі мен көмегін де аямайды. Өмірде әр нәрсе өз уақытымен болуы керек. Адамның толыққанды бақытқа қол жеткізуі үшін тек ғылым жеткіліксіз.

«Футбол арқылы артық ойлардан арыламын»

Спортпен айналысқанды ұнатамын. Апта сайын достарыммен жиналып футбол ойнаймыз. 3-4 сағатта өз-өзімді ұмытып, артық ойлардан, жағымсыз энергиядан арыламын.

«Кітап пен кино — ғылымдағы теория мен практика сияқты»

Бектұр Бақытбек, жас ғалым
Бектұр Бақытбек, жас ғалым ©SZH.kz
Бектұр Бақытбек, жас ғалым
Бектұр Бақытбек, жас ғалым ©SZH.kz

Тарихи жанрдағы кітаптарды оқығанды ұнаматамын. Әдебиеттен қарағанда тарихи шығармаларда нақтылық бар. Ғылым нақтылықты талап етеді. Александр Македонский, Шыңғыс хан туралы кітаптарды оқып, артынша фильмін тауып көремін. Себебі, әр нәрсе салыстырудан тұрады. Кітап пен кино — ғылымдағы теория мен практика сияқты дүние.

Бектұр Бақытбек, жас ғалым
Бектұр Бақытбек, жас ғалым ©SZH.kz

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді»

5-сыныпта оқып жүргенімде сахналық қойылым қойдық. Мен Жиренше шешеннің рөлін сомдадым. «Дүниеде не өлмейді?» дейтін шешендік сөз бар ғой, соны сахналадық. Хан уәзірлерінен «Бұл дүниеде не өлмейді?» деп сұрайды. Олар: «Асқар тау өлмейді, ағын су өлмейді, Ай мен Күн өлмейді, қара жер өлмейді» деп жауап береді. Сонда Жиренше шешен:

Асқар таудың өлгені-
Басын мұнар шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені-
Аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен күннің өлгені-
Еңкейіп барып батқаны.
Айдын шалқар өлгені-
Мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердің өлгені-
Қар астында қалғаны.
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді,- деп тапқырлық танытады. Мүмкін менің ғылым жолын таңдауыма осы оқиға әсер еткен шығар.

Сұхбаттасқан Дана Маратовасуреттер  Ақжарқын Қыдырханова

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.