2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына сапалы және уақытылы дайындалу мақсатында министрлік жұмыс жоспарын бекітті. Оған сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент әкімдіктері 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің 100% дайындығын қамтамасыз етуге тиіс, — деді министр үкімет отырысында.
Сонымен қатар 2022 жылғы 15 қазанға дейін коммуналдық шаруашылықтың, әлеуметтік саланың, тұрғын үйлердің толық дайындығын және барлық автономды жылу көздерін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі қажет.
Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, 11 157 білім беру объектісінің 11 075-і немесе жоспардың 99% жылу беру маусымына дайын, — деді Өскенбаев.
Оның айтуынша, білім беру нысандарының дайындығы бойынша Нұр-Сұлтанда, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында төмен қарқын байқалып отыр. Аталған өңірлер әкімдіктері білім беру объектілерінің 100% дайындығын қамтамасыз етуде шұғыл шаралар қабылдауы қажет.
Жалпы биыл 5 674 денсаулық сақтау нысанын дайындау жоспарланып отыр. Оның ішінде бүгінде 5 566-сы немесе 98% дайын. Басқа өңірлермен салыстырғанда дайындықтың төмен деңгейі Нұр-Сұлтанда (84%, 43-тен 36), Ақмола (91%, 551-ден 503) Атырау (92%, 144-тен 132) облыстарында байқалып отыр, — деді министр.