Зере Махсұтхан 8-класты Нью-Йорктегі P.S/I.S 102Q bayview school-да бітіріп, Қазақстанға оралды. 2021 жылы Зеренің ата-анасы «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын жеңіп, New York Film Academy-де бір жыл тағылымдамадан өткен. Зере отбасымен Нью-Йоркте тұрып, мектепке барған.
«Ата-анам Америкаға кететінімізді айтқанда біраз қобалжыдым. Ол кезде кішкентай сіңлім бір жасқа енді ғана толып еді. Үлкен сіңлім Ажар екеуіміз Қазақстандағы мектепте онлайн оқып жүрдік. 2021 жылы желтоқсанда отбасымызбен Нью-Йоркке көштік», — дейді Зере.
Зере мен оның отбасы Америкаға барғанда коронавирус өршіп тұрған. Сондықтан алғашқы үш айда сабақтарға онлайн қатысып жүріпті. Зеренің айтуынша, жергілікті климат пен ортаға бейімделу үшін бір ай адаптациядан өтіпті.
«2022 жылы наурызда мектепке алғаш рет бардық. Негізі мектепке әуелі сіңлім Ажар барды. Күн сайын үйге келгенде «Бүгін испан қызбен таныстым, мектепте маған жеке ноутбук берді, класта ешкім телефон ұстамайды, үзілісте бәрі кітап оқиды» деп қызықтыратын. Екі апта өткен соң мен де сол мектепке бардым», — дейді Зере.
Америкада визасы бар азаматтар мемлекеттік мектепте тегін оқи алады екен. Шетелдік оқушыны мектепке қабылдау үшін ата-анасының рұқсаты жеткілікті. Нью-Йоркте мектеп көп болғандықтан, Зеренің ата-анасы мектептің рейтингі мен үйге жақын болуына назар аударыпты.
«Америкада мектеп те, таңдау да көп. F1 визамыз болғандықтан мемлекеттік мектепке еш қиындықсыз, тегін қабылдады. Біздің мектебіміз P.S/I.S 102Q bayview school деп аталады. Менің класым мен жасым орта мектеп деңгейіне, яғни middle school-ға сәйкес келді», — дейді ол.
Америкаға барғанға дейін Зере ағылшын тілін intermediate деңгейінде меңгеріпті. Мектепке қабылдау үшін арнайы тіл білу деңгейін дәлелдейтін сертификат сұрамайды, бірақ ауызша және жазбаша емтихан алады екен. Ауызша емтиханда талапкер өзі туралы қысқаша ақпарат, қызығушылығы мен жақсы көретін жерлері туралы айтса, жазбаша емтиханда математика, ағылшын тілі, оқылым (reading) бойынша тест тапсырады.
«Екі емтихан тапсырған соң бүгіннен бастап оқуға кірісе берсең болады» деді. Сөйтіп бірден мектепке қабылдандым. Шетелдіктер оқитын класта емес, жергілікті оқушылармен бірге білім алдым», — дейді Зере.
Қазақстандағы мектептерде Kundelik.kz қолданылса, Америкада осыған ұқсас Classroom жүйесі бар. Әр оқушыға жеке ноутбук пен планшет беріледі. Зеренің cөзінше, Америкада оқуға қажет құралдың бәрі: қалам мен дәптер де мектеп әкімшілігінен беріледі. Үйге тапсырма бермейді. Тек класта берілген материалды меңгеріп, тапсырмаларды орындап кету жеткілікті.
Зереден Америкадағы мектептің артықшылығын сұрағанымызда түскі, таңғы ас тегін екенін, сабақ таңғы 8.20-да басталып, түскі 14.40-та бітетінін айтты. Бір күнде тоғыз сабақ болады екен. Бір сағат түскі асқа (lunchtime) беріледі. Мектепте буллинг деген атымен жоқ. Мектеп формасы міндетті емес. Әр оқушы өзіне ыңғайлы күнделікті киіммен келе береді.
Мектепте ағылшын тілі және әдебиеті, математика, өнер, дене шынықтыру, жаратылыстану ғылымдары, әлеуметтік ғылымдар, талқылау деген негізгі 4-5 сабақ қана бар. Сабақтар еркін форматта өтеді. Science пәні биология, химия, физика сияқты пәндерді біріктіреді.
«Сабақтар аудиторияда кітап оқып, конспект жасаумен шектелмейді. Бірде орманға барып, сабақта өткен өсімдік түрлерін тауып, картаға белгілейміз, енді бір кезде сутегі асқын тотығының көмегімен құлпынайдың ДНҚ-сын анықтаймыз. Көзбен көріп, қолмен ұстап, неге деген сұраққа жауап алғанда жаңа тақырып жадыңда тез сақталады. Өнер сабағында әр оқушы таңдауы бойынша аспапта ойнауды үйренеді. Мен гитара, фортепиано, укулелені таңдадым. Домбырада бұрыннан ойнаймын. Әр жұма күні соңғы сабақта club бар. Мұнда вокал, сурет, спорттың бір түрін таңдауға болады», — дейді АҚШ-та оқып келген оқушы.
Зере сабақтан тыс уақытта саяхаттап, фотоға түсіргенді ұнатады. Наурыз мейрамында Америкаға барған қазақстандық әншілерді фотоға түсіріп, жазғы каникулда да фотоны хоббиіне айналдырған.
«Демалыс сайын әкеммен өзге штаттарға баратынбыз. Барған жерді фотоға түсіріп, Instagram-ға салуды әдетке айналдырдым», — дейді ол.
Зере Америкада жүргенде баруы керек орындарының тізімін жасаған, оның барлығын дерлік аралапты.
«Бір байқағаным — Қазақстанда мектепте, университетте Ұлыбританияның ағылшын тілі оқытылады екен. Көп қазақстандық шетелде оқу үшін IELTS тапсырады. Америкадағы ағылшын тілі сәл басқаша. Сленг сөздер, қысқартулар, тіпті, pronunciation, яғни сөздердің дыбысталуы мүлдем бөлек. Бір ай бойы құлағым мен тілімді Америкадағы ағылшынға үйреттім. Ұлыбритания ағылшыны әдеби, ал Америка ағылшыны ауызекі тілге жақын», — дейді ол.
Зерені Америка оқушыларының өте еркін, дүниетанымы кең болғаны қызықтырыпты. Оқушылар ойын ашық айтып, түрлі тақырыптан хабары бар екені аңғартады екен. Саясат, экономика туралы көп білгенімен, Қазақстан туралы хабары аз екен.
«Мектепте оқудан басқа маңызды әрі жауапты миссия пайда болды. Ол – достарыма Қазақстан туралы ақпарат беру. Қазақстанның Орталық Азияда орналасқанын айтқанымда, достарым Ресей, Қытай сияқты біздің көршілес елдерді білетінін айтты. Қазақстан сол алпауыт елдердің ортасында орналасқан үлкен мемлекет екенін айтып, картадан көрсеттім», — дейді ол.
Зере жақында отбасымен Қазақстанға оралды. Ол Америкадағы кітап-дәптерін түгелімен Қазақстанға алып келіпті. Ол Алматыдағы Ілияс Жансүгіров атындағы 130-гимназияда оқыған, 8-кластан бастап ҚазҰУ-дың бейіндік мектебіне ауысыпты. Мектепте гуманитарлық, химия-биология және физика-математика бағыты бар. Зере гуманитарлық бағыттағы қазақ класында оқиды.
«Бір жыл бұрын Америкаға көшкенде бір ай адаптациядан өтіп едім, қазір Қазақстанға келгеніме екі аптадай болды, қайта бейімделу процесін бастан кешіп жатырмын. Адам саяхаттан кейін өзгереді деп жатады ғой. Өзім де Америкада оқыған бір жылда біраз өзгерген сияқтымын», — дейді ол.
Ол Америкада оқығанда жауапкершілік пен тайм-менеджментке қалай үйренгенін айтып берді.
«Тіл үйренгенде дисциплина керек екенін, мектепте баға үшін емес, тақырыпты меңгеру үшін оқу керегін түсіндім. Америкада уақыт өте тығыз болды әрі тез өтетінін байқадым. Қазақстанда жүргенде «ертең істеймін», «бұйырғаны болады», «көреміз» дегенді жиі айтатынмын. Америкада нақты жоспармен өмір сүре бастадым», — дейді.
Қазір Қазақстанда түрік тілі мен испан тілін үйреніп жүр. Испан тілі — Америкада ағылшыннан кейінгі маңызды тіл.
«Отбасымыздың ортақ арманы орындалғанына қуаныштымын. Болашақта Америкаға қайтып барып, жоғары білім алуға дайындалып жүрмін», — дейді ол.
Зеренің ойынша, Американың басты ерекшелігі мыналар:
- Технология. Америкада технология жақсы дамыған. Жаңа технология бойынша дүниежүзіндегі көшбасшы елдің бірі.
- Кітап оқу. Технология жақсы дамығанына қарамастан, кітап оқитындарды жиі кездестіресің. Қарапайым мысал келтірейін, мектептердегі әр кабинетте шағын кітапхана бар. Оқушының қолы босай қалса, кітап оқиды. Мектепте телефон қолдануға тыйым салынған. Әр кабинетте төрт камера бар. Телефон қараған оқушыны әзілдеп «хакер» деп атаймыз. Егер мектепте телефон қолданып отырғаныңды біреу көріп қойса, мектеп әкімшілігіне өткізуге мәжбүр боласың. Оқушылар смартфонды саналы түрде қолданбайды.
- Транспорт. Америкада қоғамдық көлік 24/7 жұмыс істейді. Қала ішінде болсын, басқа штатқа саяхаттасаң да, қолайлы көлік түрін оңай таба аласың.
- Бизнес. Кез келген идеяны кәсіпке айналдыруға болады. Менен «Америкада қалай тамақтандың?», «Қазақстанда бар нәрселер Америкада жоқ шығар?» деп жиі сұрайды. Менің жауабым — Америкада бәрі бар, жоқ нәрсені өзің кәсіпке айналдыра аласың.
- Білім жүйесі. Мектеп қана емес, колледж, университетте де білім сапасы жоғары. Мектеп бітірген соң Американың университетінде оқығым келеді. Қазір сондағы достарыммен хабарласып, сабақтан кейін университет сынағына дайындалып жүрмін.
- Қарым-қатынас. Мұнда жеке шекара сақталады, адамдар бір-бірін қатты сыйлайды. Агрессия, ұрыс-керіс аз. Бір-біріне жиі комплимент айтады.
Ал 11 жастағы Жәңгір Тұрлыбай отбасымен Түркияның Ыстамбұл қаласында Кадыкөй ауданында тұрады. Бастауыш класты үздік аяқтап, орта мектепке көшті. Биыл Бахарие ортаокулында (орта мектеп) 5-класта оқиды. Бұған дейін Астанадағы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінде 1-3-класс оқыған.
Жәңгірдің анасы Ақару Оралқызының айтуынша, баласы 4-класқа көшкенде отбасымен Түркияға көшіп барған. Ыстамбұлда бірден өз класына қабылданыпты.
Жәңгірге Түркиядағы мектеп формасы мен мектептің асханасы ерекше ұнайды екен.
«Мектеп формасы өте ыңғайлы. Жеңіл жейдесі, сыртынан кофтасы бар. Дене шынықтыруда киетін формамыз да өте ерекше, мектептегі ең ұнайтын нәрсе — асхана. Мектептегі ең жақсы көретін сәт — кластастарыммен асханаға баратын кез», — дейді Жәңгір.
Жәңгірдің айтуынша, екі елдегі тәртіп пен мектеп ережесі ұқсас екен. Ол Түркияға алғаш барғанда түрік тілін мүлдем білмепті. Анасының айтуынша, бір жылдың ішінде Жәңгір түрікшені тез меңгеріп алыпты.
«Үйде қазақша сөйлесеміз. Баламның түрік тілін тез үйреніп алғанына өзім де таңғалдым. Біз тұратын махалледе (аудан) түріктер көп. Менің оймыша, тіл үйренуге баламның ортасы әсер етті», — дейді анасы.
«Қазақстанда тұрғанда баламды қазақтілді балабақшаға, қазақтілді мектепке бердім, бірақ тілі орысша шықты. Қазақша-орысша араластырып сөйлейтін. Бұған интернеттегі контент, баланың ортасы, ересектердің әрекеті, айналасындағы басқа құбылыстар да әсер етеді», — дейді Жәңгірдің анасы.
Жәңгірдің түрікшені тез меңгеруіне Түркиядағы тіл саясаты да әсер етіпті. Ақару Оралқызының айтуынша, Қазақстан да осындай тіл саясатын ұстанса, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейер еді.
«Мұны баламды мақтау үшін немесе туған тілімізді төмендету үшін айтып отырған жоқпын. Қазақстанның азаматы ретінде ана тілін жақсы білгенін, Отанын құрметтегенін қалаймын және мұны үнемі балаларымыздың есіне салып отырамыз. Қазір Жәңгір қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерін жақсы меңгерген. Үйде төрт тілде де сөйлей береміз. Үлкен қызым Акдениз университетінде туризм мамандығын ағылшын тобында оқып жатыр. Жақында тағылымдамадан өту үшін Еуропаға барады. Оның да түрікшесі жақсы. Түркияда ағылшын тобында оқитын шетелдік студенттер үшін де түрік тілінің C1 дәрежесін меңгергенін растайтын сертификат міндетті. Ағылшын тобында оқимын, түрікше білудің керегі жоқ деген болмайды. Түріктер «Өзге тілдің бәрін біл, түрік тілін құрметте» деген ұстанымды қатаң ұстанады», — дейді Ақару Оралқызы.
Ақарудың екінші қызы Нұрайым Кадыкөй лицейінде 12-класс оқиды. Ал кіші қызы Ұлпан Жәңгірмен бірге Бахарие ортаокулына (орта мектебіне) барады екен.
Нұрайымның айтуынша, ол алғаш рет түрік мектебіне барып, түрікше сабақ айтқанда бүкіл класс қол шапалақтап, құрмет көрсетіпті. Мұның өзі түрік тілін үйренуге мотивация болыпты.
«Әрине, түрік болып туып, ана тілі ретінде меңгерген оқушымен тең сөйлеп кетпеуім мүмкін, бірақ қазақ тілі мен түрік тілінің ұқсастығы көп. Бұл тілді тез үйреніп кетуге көмектесті», — дейді Нұрайым.
Ақару Оралқызының үш баласы мектепті үздік бағамен бітіруі, тұңғышының университетте грантта оқуы және шетелден тағылымдамадан өтетін бағдарламада жеңімпаз атануы білім алуда тілдік барьер болмайтынын аңғартады. Көпбалалы ана мұнда ұстаздардың еңбегі зор екенін, олар баламен дос болуды, оған қажет кезде қолдау көрсетуді жақсы меңгергенін айтады.
Жәңгірдің анасы биыл жаңа оқу жылында Түркияда орыстілді, ағылшынтілді мектеп іздеген ата-ананы көп кездестіріпті. Әсіресе, кейінгі оқиғаларға байланысты Ресей мен Украинадан қоныс аударып келіп жатқандар көп екен. Олар балаларын мемлекеттік мектепке бергісі келеді екен, бірақ мемлекеттік мектепте түрік тілін білу міндетті. Басқа тілде білім беретін жекеменшік мектепке беру қымбат.
«Түркияның Конституциясында мемлекеттік оқу орындарында түрік тілінде білім беру міндетті екені жазылған. Өзім араласып жүрген орыстар, украиндер баласына түрік тілін үйретіп, мемлекеттік мектепке беріп жатыр. Анталья, Аланья, Бодрум сияқты туристік қалаларда жаңа оқу жылында жекеменшік мектептің кәсібі қызып тұр», — дейді ол.