Шымкенттегі №77 мектептің күн тәртібіне бір аптадан бері өзгеріс енді. Алдымен оқушылардың сөмкесі мен киімдерінің қалталары жіті тексеріліп, содан соң ғана сабақтың басталуына рұқсат беріледі. Айтуынша, бұл мектеп оқушыларын түрлі қауіпті интернет сайттардан қорғайды.
«Оқушы смартфон, телефондармен мектепке кіргізілмейді. Аптасына екі рет арнайы тексереміз, әзірге тәртіп бұзған бала жоқ», — дейді №77 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрсұлу Шыналиева.
Айта кетейік, қауіпті «Синий кит» және «Тихий дом» ойындарына енгендер тізімінде Оңтүстіктің 500-ге тарта оқушысы бар екені анықталған. Мұны мәлімдеген облыстық білім басқармасы басшылығының айтуынша, әзірге сол жеткіншектердің небәрі 31-нің ғана есімдері белгілі болған. Қалғандары топқа лақап атпен тіркеліпті. Сол себепті оқушылардың мектепте ұялы телефон, смартфон ұстауына қатаң тыйым салыныпты. Ал ережеге бағынбаған білім ұясының басшылығына шара қолданылмақ.
«Мектеп басшылығына Еңбек кодексіне сай шаралар қолданамыз. Онда тәртіптік шараның біршама түрі бар: ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, қызметіне сай келмеу, т.с.с. Енді оның барлығы заңда көрсетілген. Жүйелі түрде заң бұзушылықтар болатын болса, оған сөгіс немесе қатаң сөгіс беріледі», — дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Бұрханов.
Айта кетейік, Оңтүстікте 1028 мектеп бар. Онда 611 000 оқушы білім алуда.