Басты бетҚоғамҚазақстанда биыл...

Қазақстанда биыл бюджеттің 57 миллиард теңгесі ұрланған

Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов президент Тоқаевқа ведомствоның биылғы жеті айдағы жұмысы туралы айтты.

Президентке ұсынылған мәлімет бойынша 857 іс тергеліп, 88 миллиард теңге көлеміндегі залал өтелді. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес аясында 33 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Бюджет қаражатын жымқыру бойынша 132 іс тіркеліп, келтірілген залал 57 миллиард теңгеден асқан. Оның 53 миллиарды қайтарылды.

Үкіметпен бірлесіп қабылданған шаралар арқасында көлеңкелі экономиканың деңгейі соңғы 3 жылда 23%-тен 19%-ке дейін төмендеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеке меншікті қорғау және рейдерлік фактілерге жол бермеу үшін қабылданып отырған шаралар жөнінде баяндалды. Қазіргі уақытта 8 іс тергеліп жатыр. Атап айтқанда Алматыда бизнесті рейдерлік басып алумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Олар 18 миллиард теңгеден астам залал келтірген.