Материалдық жағынан қамтамасыз етілген, әлеуметтік жағынан қорғалған, жақсы өмір сүретін адам ғана болашаққа оптимист көзқараспен қарайды, яғни гүлденген Қазақстанды құрайды және елінің игілігі үшін өмір сүріп, еңбек етеді.

Кейінгі кездері Қазақстан қоғамы саясиланып келеді. Меніңше, бұл биліктегі авторитар режим кезеңінің бірте-бірте аяқталуына байланысты болып жатқан сияқты. Біз бұған ақырындап қадам басып келеміз. Осыған дейін біздің қоғам шаршаңқы еді. Тіпті халықта «жаппай апатия» болды деуге болады. Енді адамдар ресурс байлығымызбен жақсы өмір сүре алатынын және өмір сүруі керек екенін түсіне бастады.

Бүгінде көпшілік Қазақстан халқына бірлік бұрынғыдан да қажет екенін айтады, бірақ ұлттың материалдық игілігінсіз бірлікке жету мүмкін емес. Ру мен жүзге, орыс пен қазаққа бөлінуді, жемқорлықты, саяси арандатушылықты жоюымыз керек.

Асыл текті бабаларымыз Алла алдына иманмен баруды, көздері жұмылғанша халыққа қызмет етуді ғана ойлады. Ал қазіргі саяси элита мәңгілік идеямыз азаттықты баянды етуді, елдің тұрмысын жақсартуды ойлап, қызмет етуі керек. Ұлтқа қызмет еткен адам халықтың жүрегінде ғұмыр кешеді.

Өз ісінің заңсыз екенін білген адам қашан да қорқынышта, үрейде күн кешеді. Өз билігін қалай да қорғап қалу үшін қолдан неше түрлі тосқауылды жасайды.

Билік терроризмді, бұзақылықты тоқтату үшін қоғам белсенділерінің бәрін осы жұмысқа тартуы керек. Ұлт жанашырлары ұсыныстарын енгізсін. Ал билік соны ескеріп, жоспарлы бағдарлама қабылдауы керек. Бұдан басқа жол жоқ.

Дамыған мемлекетте не бар? Парламент бар – бақылайды. Тәуелсіз медиа бар – бақылайды. Партиялар бар – бақылайды. Ал бізде не бар?

Кеңес заманында Қиыр Шығыстағы балықшыларға қатысты бір ескі әзіл еріксіз есіме түсіп тұрғаны: совет және жапон балықшылары кездесіп, балық ауланбай қалған уақытта әңгіме-дүкен құрады екен. Жапондар: «Балық ауға түспеген кезде бастықтарың не істейді?» деп сұраса, советтіктер: «Бастықтар жиналыс өткізеді, комиссия құрады, ал өздеріңнің бастықтарың ше?» дейді. Жапондар болса: «Бізді қайтадан теңізге қуады, комиссия мен жиналыс бізге балық аулап бермейді» депті.

Үкіметті сынауға болады және керек те, бірақ сонымен бірге оның қызметінің оң жақтарын да жоққа шығаруға болмайды.

Қалыпты, саналы елде «өзін өзі жұмыспен қамтығандар» деген түсінік жоқ. Өзін-өзі жұмыспен қамту дегеніміз не? Мысалы, ауылдағы үй шаруасындағы әйел бақшасында қызанақ пен қияр өсіреді. Содан кейін ол  қиярларды жинап, маринадтап, әйтеуір аман қалу үшін оның бір бөлігін сатады. Ал біздің билік мұны өзін өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатқызады. Негізі ол жұмыссыз.

Қызыл империя, «СССР» деген аты бар жабылған кезде біздің ешкімге ешқандай қарызымыз жоқ еді. Себебі СССР-дің барлық қарызын Ресей мойнына алды. Біз ешкімге қарыз болмай, мемлекетті құруды жаңадан бастадық. Енді бүгінді алып қарасақ, дүниежүзіне 170 миллиард доллар қарызымыз бар. Қай жерден ғана қарыз алмадық?! Оны келесі ұрпақ та төлейді.

Материал марқұм Балташ Тұрсымбаевтың  Qazaqtimes.com, Аtameken.kz, Datnews.info, Kaztag.info, Dialog.kz, Azattyq.org сайттарына берген сұхбаттары бойынша әзірленді.