«Жыл сайын бір ұшақ». Қазақстанда 1941 жылдан бері 89 әуе апаты болған

2022 жылдың басынан бері Қазақстанда бір ұшақ апаты болды. Ақпанда жедел жәрдем рейсімен келе жатқан ұшақ өртенген. Бортта екі экипаж мүшесі мен бір дәрігер болған. Апат салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Ал былтыр, 2021 жылы үш ұшақ апаты болған. Соның бірі — Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери ұшағы. Борттағы алты адамның төртеуі қаза тапты. Қалған екі ұшақ апатында адам өлімі болмады және жолаушылар рейсіне қатысы жоқ.

Авиациялық қауіпсіздік желісінің (ASN) мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 1941 жылдан 2022 жылға дейін жолаушы, әскери және ауылшаруашылық ұшақтары 89 рет апатқа ұшыраған, яғни жыл сайын бір ұшақ құлап отырған.

Апаттардың ең көп саны 1976 жылы тіркелген. Ол кезде бір жыл ішінде төрт әуе апаты болған. Дегенмен оған дейінгі 26 жылда бірде-бір әуе апаты тіркелмеген.

ASN мәліметінше, 80 жыл ішінде Қазақстанда 804 жолаушы әуе апатынан қаза тапқан. Есеп бойынша 89 әуе апатының 50-інде кем дегенде бір адам қаза болды. Тек үш коммерциялық ұшақ апаты елдегі барлық өлімнің 43%-ін алып отыр. Бұл кеңестік жолаушылар ұшағы — Ту-134, Ту-104 және Ту-154.

1980 жылы Ту-154 ұшағының құлауы Қазақстандағы ең ірі апат болып есептеледі. «Аэрофлот» ұшағы Алматы – Дондағы Ростов – Симферополь бағыты бойынша ішкі рейсті орындамақшы болған, бірақ әуеге көтерілгеннен кейін 1 минут 40 секундтан соң жерге құлаған. Борттағы 166 адамның барлығы қаза тапты.

Қазақстандағы әуе апатының саны көршілес Ресеймен салыстырғанда аз, онда дәл осы кезеңде – 1941 жылдан 2022 жылға дейін кемінде 1 395 әуе апаты болған. Бұл Қазақстандағыдан 16 есе көп.