Біздің басты міндетіміз – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейлерінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2021 жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар 1 436 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектеп салу көзделген, — деді үкімет басшысы.
Оның айтуынша, жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін бюджеттен мемлекеттік тапсырыс бойынша қосымша 45 мың орын бөлінді. Еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау үшін 500-ге жуық кәсіпорын колледждерді қамқорлыққа алды.
Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 4 филиалы ашылды. Инновациялық бағыттар бойынша шетелдерден 400 оқытушы тартылды. Жалпы білім беру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылып келеді, — деді Әлихан Смайылов.