Алматыда билеті жоқ жолаушы пойыздың төбесіне жатып алды

Алматыда билеті жоқ ер адам пойыздың төбесіне мініп, Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласына дейін тегін барғысы келген.

Видео әлеуметтік желіде тарады. Онда орнынан қозғалып бара жатқан пойыз вагонының бірінің үстінде ер адам жатқанын көруге болады.

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 24 шілде күні сағат 22:45-те болған.

«Алматы-1» станциясындағы кезекші бөлімшеге «Алматы-2» станциясынан «Алматы-Орал» пойызының машинисінен вагонның төбесіне шығып, жатып алған ер адамның кесірінен пойыз шұғыл тоқтатылғаны туралы хабарлама түсті.

Пойыз тоқтағаннан кейін көлік полицейлері құқықбұзушыны акт бойынша вагонның төбесінен түсірді. Тексеру барысында оның Батыс Қазақстан облысының 47 жастағы тұрғыны екені анықталды. Жауап алу барысында ер адам билет алуға ақшасы жоғын айтып, пойыздың төбесінде үйіне жетуді ұйғарған, — деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабы бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз